Шомылу маусымында қауіпсіздік басты назарда

2025 жылғы 15 мамыр күні Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жазғы шомылу маусымында судағы қауіпсіздікті сақтау шаралары» тақырыбында брифинг өтті. Іс-шара барысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Серік Әуесхан Досболұлы судағы қауіпсіздік ережелері жөнінде мәлімет беріп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Брифингте айтылғандай, 2025 жылғы жазғы шомылу маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қала аумағында шомылуға тыйым салынған орындардың саны 13-тен 30-ға дейін арттырылуда. Бұл өзгерістер Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды және 22 мамырда күшіне енуі жоспарланып отыр.

Шомылу маусымының өту кезеңіне арналған кешенді іс-шаралар жоспары Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Бұл жоспар әрбір мемлекеттік мекеменің нақты міндеттерін айқындай отырып, судағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында еріктілерді тарту мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтиды.

Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаменті, полиция департаменті, білім басқармасы, ҚР Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімі және Жастар ресурстық орталығының арасында шомылу кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимыл жоспары әзірленіп, келісу сатысында.

Жыл басынан бері 98 рейд жүргізілді. Су айдындарында күнделікті патрульдеу ұйымдастырылған. Демалыс және мереке күндері бұл жұмыстар күшейтілген режимде жүзеге асырылады. Қала аумағында 2025 жылдың басынан бастап шомылу кезінде жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ.

Анықтамалық дерекке сүйенсек, 2024 жылы шомылу маусымы кезінде 2 жазатайым оқиға тіркелген, оның бірі балаға қатысты болған.

x

Check Also

Шымкентте есірткі жарнамасына қарсы кең ауқымды түсіндіру акциясы өтті

Шымкент қаласында есірткіге қарсы бағытталған кезекті алдын алу шарасы өтті. Іс-шара барысында еріктілерден құралған топ қала көшелерін аралап, есірткі жарнамаларына ...

Шымкент қаласында жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы сәтті іске асырылуда

2019 жылдан бастап Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы ...