Бүгін Қазақстанның барлық ірі қаласында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы бастау алды. Шараның мақсаты — халықтың құқықтық сауатын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Еліміздің үздік заңгерлері мен құқық қорғау өкілдері осы бастамаға үн қосып, кез келген азаматқа тегін консультация беруде.
Шымкент қаласында бұл игі шара Арбат демалыс аймағында өтіп жатыр. Іс-шараны қала әкімдігі, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және Әділет департаменті ұйымдастырған. Науқан аясында 60-тан астам білікті маман тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетуде. Олардың қатарында — адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары мен басқармалар мамандары бар.
Құқықтық мәселелерін шешуге келген тұрғындар өздерін мазалаған сауалдарға жауап алып, тиісті мекемелерден қажетті ақпаратқа қанықты. Айта кетсек, тұрғындардың басым көпшілігін мемлекеттен берілетін гранттар мен жеңілдетілген несиелер қызықтыруда.
— Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар халыққа өте маңызды. Кәсіпкерлік саласына бет бұрғысы келетін азаматтар үшін біз өз тарапымыздан жан-жақты ақпарат беріп, қажетті кеңестер ұсынып жатырмыз, — дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы Фатима Сариева.
Шара аясында тұрғындарға құқықтық сауаттылықты арттыру, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру басты назарда болды. Мұндай акциялар халықтың заңды тұрғыда қорғалуы мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
Айта кетейік, 2016-2024 жылдар аралығында акцияға 10000-нан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын жетекші өкілдері қатысып, құқықтық көмекке жүгінген 300 000-нан астам адам консультация алған.