9 мамыр – Жеңістің 80 жылдығы аясында ауданымызда «көгілдір отынды» тұтынушы елді мекендердің саны тағы біреуге артты.
Кемер елді мекені тұрғындарының қуаныштарын бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы барды.
2023-2024 жылдарға республикалық бюджеттен қаралған жалпы сметалық құны 60 934 763,95 теңгені құрайтын Кемер елді мекеніндегі құрылыс жұмыстарын «Қанай» ӨК мердігер мекемесі жүргізген. Ендігі кезекте ұзындығы 2,927 шақырымды құрайтын газ құбырынан 28 тұрғын табиғи отынды ешбір қиындықсыз тұтынатын болады.
Айта кетейік, 57 елді мекені бар ауданымыздың 32-і, яғни, 56,1 пайызы табиғи газға қосылған. Бүгінде 4 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, тағы 4 елді елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе, 8 елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
10 нысан немесе 8 елді мекенде (Сарыарық, Жусансай, Арыстанды, Ақсары, Жұлдыз, Жайылма, Жаңатұрмыс, Мәдениет, Шұбарсу) табиғи газбен қамту құрылысына ЖСҚ әзірленіп, (жоба құны 4,2 млрд.теңге) салалық басқармаға қаржы қарастыруға тиісті құжаттар рәсімделіп, бюджетке өтінім жолданған.
11 елді мекеннің (Нұра, Ақпан, Аққойлы, Бадам, Дербес, Ордабасы, Мамыр, Қарабастау, Ақбұлақ, Қалаш, Дихан) жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі