Жаңа зауыттар бой көтереді

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібінде облыста жаңадан іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы және өзекті мәселелері баяндалды. Облыс әкімі салаға жауапты басшыларға жұмысты жеделдетуді, өндіріс орындарын көбейтуді, жобаларды сүйемелдеуді тапсырды.

– Бүгінгі инвестициялық штаб отырысында маңызды мәселелер қаралуда. Біз әрбір жобаның іске асырылу барысын мұқият қадағалап, туындайтын мәселелерді шешуге қолдау көрсетеміз. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары ұйымдастыру, үйлестіру, инфрақұрылым мәселелерін жедел шешулері керек. Мақсатымыз – өндіріс орындарын ашу, отандық өнім көлемін ұлғайту, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте инвесторлар мен кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай отырған басшыларға сын-ескертпелер айтылып, жұмысты ширату тапсырылды.

Талқыланған жобалардың бірқатарына тоқталсақ, Сауран ауданында «Xingtai Tiancheng Textile Co., Ltd.» компаниясы мақта өсіру, жіп иіру және тоқыма өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыруда. Мұнда 120 адам жұмыспен қамтылады. Ал, Ордабасы ауданында майлы және желатинді компоненттер алу үшін ірі қара сүйектерін қайта өңдеу зауыты салынады. Түркістан қаласында «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС-нің салқындатқыш жабдықтар шығаратын зауытының екінші кезеңінің құрылысы жалғасуда. Сонымен бірге еденге арналған жабын материалдарын шығару, бір реттік ыдыс шығаратын, кептірілген жемістерді өндіретін зауыттардың құрылысы мен өзге де жобалардың жай-күйі де талқыланды.

Айта кетейік, Түркістан облысына жыл басынан бері 196,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін және 2025-2028 жылдары жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Биыл 322 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Индустриалды аймақтар мен шағын өндірістік парк те кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын.

«Ońtústik Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Елімізде 2026 жылдан бастап сән-салтанат салығы енгізіледі

2025 жылдың 18 шілде күні ҚР жаңа Салық Кодексі қабылданған болатын. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл ...

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...