Шымкентте балалардың қауіпсіздігіне арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтті.
2025 жылғы 29 мамырда Шымкент қаласындағы «Наурыз» алаңында 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалардың қауіпсіздігі — басты назарда» атты кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараны Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырды. Негізгі мақсат — балаларға қауіпсіздік негіздерін үйрету, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдыларын қалыптастыру және ата-аналардың назарын балалар қауіпсіздігіне аудару.
Іс-шараның ашылуында Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Сергей Афанасьевич Огай құттықтау сөз сөйлеп, балалардың амандығы мен әл-ауқаты -қоғамның басты құндылығы екенін атап өтті.
Іс-шара бағдарламасы мазмұнды әрі тәрбиелік мәнге ие болды:
• Өрт сөндіру, құтқару және медициналық көмек көрсету техникалары көрсетіліп, мамандар олардың мүмкіндіктері жөнінде түсіндірді;
• Балаларға өрт пен суда өзін-өзі ұстау ережелері туралы профилактикалық әңгімелер өткізілді;
• Бүлдіршіндер құтқарушылар бейнесін өз көзқарастарымен бейнелеген сурет байқауына қатысты;
• Өрт сөндіруші киімін жылдам кию сайысы, «Кім тапқыр?» атты викторина және спорттық эстафеталар балалардың логикалық ойлау қабілетін және тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталды;
• Қызметтік ит Берта өзінің шеберлігін көрсетіп, балалардың көңілін көтерді.
Барлық белсенді қатысушыларға ТЖД тарапынан естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталды. Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Іс-шара Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясындағы 10 күндік декада шеңберінде өтті. Осы уақыт аралығында ТЖД-ның Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандары бойынша басқармалары өз аумақтарында «Ашық есік» күндері, профилактикалық іс-шаралар, танымдық викториналар, сурет байқаулары мен спорттық эстафеталар ұйымдастырды.
Бұл күн балаларға тек қуаныш пен мерекелік көңіл-күй ғана емес, сондай-ақ өмірде қажет болатын маңызды қауіпсіздік білімдері мен дағдыларын сыйлады.