«Бөген» су қоймасында өткен келелі кеңеске облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты.
Биылғы ауа райының қолайсыздығы диқандарға зиянын тигізбес үшін ағын суды пайдалануда ортақ келісім мен тәртіп маңызды. Бүгінгі басқосуға жиналғандар осы мәселе төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты.
Еңбек ардагерлері тәжірибелерімен бөліссе, мамандар шаруаларды бар суды барынша тиімді пайдалануға шақырды.
«Бөген» су қоймасы арқылы 67,8 мың гектар жер суарылса, «Қараспан» су торабы 79 мың гектарға су жеткізуге қабілетті. «Бөген» су қоймасының сыйымдылығы 370 млн. текше метрді құрағанымен, қазіргі таңда жиналған су мөлшері – 230,5 млн. текше метр.
Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов өз кезегінде мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталса, облыс әкімінің орынбасары диқандарға егілген өнім ерекшелігін ескере отырып, кезектілік түзу, бар суды өңірлердегі шаруалармен кеңесе отырып ортақ келісіммен пайдалану қажеттігін түсіндірді.
– Кез келген бау мен бақша байбаламмен өспейді, бабымен жетіледі. Әйтсе де, ғалымдар су қорының тұрақсыздығынан зардап шекпеу үшін, суды үнемдеу керектігін тұрақты ескертіп келеді. Мемлекет басшысының су үнемдеу технологиясына көшу бойынша берген тапсырмасының түпкі мәні осы, – деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.
Кездесу соңында «Бөген» су қоймасының басында шаруалардың бастамасымен, құрбандық шалынып, ас берілді.
«Ońtústik Qazaqstan» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
