Түркістандағы Шығыс моншасы бір шаммен жылытылғаны рас па

Тарихи нысан XVI ғасырдан бастап 1975 жылға дейін халыққа қызмет көрсетіп келді,-деп хабарлайды Қазақпарат.

Шығыс моншасы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығысында орналасқан.

Зерттеушілердің пікірінше, монша 1580-1590 жылдары салынған. Кесенеге келуші зияратшылар мұнда арнайы дәрет, ғұсыл алып, ішке кіретін болған. 

Архитектуралық құрылыс ерекшелігі мен ортағасырлық сәулет өнері шеберлерінің озық тәжірибесін көрсететін бұл монша жартылай жер астында орналасқан көп күмбезді құрылыс.

Негізі өлшемдері — 15×17 метр, ал биіктігі — 4,8 метр. Қабырғаларының қалыңдығы — 1 метр. 

— Монша бөлмелері — дәліз, орталық жуыну, ыстық және салқын су, массаж бөлмелері, тазалық бұрыштары болып бөлінеді. Моншаның басты ерекшелігі — ыстықты ұзақ сақтау және түтіннің тартылуын күшейту мақсатында жартылай жерге көміліп, тек күмбездері ғана көрініп тұратындай етіп салынған. Шығыс моншасы XVI ғасырдан бастап 1975 жылға дейін халыққа қызмет көрсетіп келді, — дейді «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсоводы Марина Искакова.

Ел ішінде Шығыс моншасы жайында аңыз-әпсаналар көп. Соның бірі — бүкіл монша бір шамның жарығымен жылытылған деген әңгіме де бар.

Осы жайттың анық-қанығын маманнан сұрадық.
— Бұл жай аңыз. Нақты факт емес. Жер астында моншаның жылыту орталығы болған. Онда қазанның астына от жағылған. Содан ыстық су алынған. Сондай-ақ, арнайы қойылған плиталардың астынан бу арқылы жылу жүргізілген. Яғни, жылу жүйесі еденнің астымен өткен. Қазіргі тілмен айтсақ — «жылы еден» сол кезде қолданыста болған. Сырттан жағылған оттың түтіні тастардың астындағы жолдармен жүріп барлық бөлмелерге тарап, еден мен софаларды қыздырған. Жылуын моншаға берген соң әбден суыған түтін жоғарғы жақтағы құбырлар арқылы сыртқа шыққан, — дейді Марина Искакова.

Монша ішінен әр ғасырларға жататын мыстан жасалған ыдыстар — шелектер, құмғандар және шылапшындарды көруге болады. Сондай-ақ, сирек кездесетін жәдігерлер де бар.

— Монша дәлізінен орталық жуыну бөлмесіне кірген жердегі еденде XVI ғасырдан бері сақталған жалғыз мәрмәр плитаны көруге болады. Оның жиектеріне гүлдестелер қашалып салынған. Басқа артық оюы жоқ. Заманында барлық бөлмелердің едендеріне осындай тастар төселген болатын. Онда адамның аяғы күймейтін және тайып құламайтын болған. Қазір сол мәрмар плитаның бірі қорық аумағында сақтаулы тұр. Мұндағы пайдаланған мыс пен мәрмәр тастардың антибақтериялық материалдар екенін ескерсек, моншаның гигиеналық жағдайына қаншалықты көңіл бөлінгенін байқаймыз, — дейді Марина Валиханқызы.

Моншаның ішкі құрылысына мән берсек, бөлмелерінде есіктің жоғын көреміз. Солай бола тұра әр бөлменің температурасы да жақсы сақталған.

— Бұл өткелдердің төмен етіп жасалғанынан және жоғарыда айтылғандай дәлізден орталық бөлмеге және орталықтан салқын бөлмеге кіретін есік өткелдерінің ұзын және сынық етіп орналасуынан деп білеміз. Белгілі мөлшерде бұған монша қабырғаларының қалындығы да әсер еткен, — деп түсіндірді экскурсовод Марина Искакова.

Айта кетейік, бұдан бұрын XVIII ғасырдағы «Хандар шежіресі» бірегей қолжазбасы ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлем жады» тізіліміне енгізілгенін жазған болатынбыз.

 

x

Check Also

Түркістан облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясында сәулет және қала құрылысы басқармасының есебі тыңдалды

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтың өкімімен құрылған уақытша депутаттық комиссия отырысы өткізіліп, өңірдегі сәулет және қала құрылысы саласындағы мәселелер ...

В Келесе прошла осенняя акция по посадке деревьев «Посади бесплатный саженец»

В центре Келесского района в селе Абай прошла осенняя акция «Посади бесплатный саженец». В акции приняли участие сотрудники районного акимата, ...