Түркістанда суретшілердің халықаралық симпозиумы өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласының ерекше мәртебеге ие болуына орай «TURKISTAN STYLE» халықаралық суретшілер симпозиумы өз мәресіне жетті.

6 күнге созылған іс-шараға әлемнің 8 мемлекетінен келген суретшілер қатысты. Олардың қатарында Үндістан, Түркия, Әзербайжан, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден және Қазақстанның әр өңірінен келген танымал суретшілер мен профессорлар бар. Онда 120-дан астам шығармалар ұсынылды. Бұл – қылқалам шеберлерінің ерекше мәртебеге ие болған Түркістанды ұлықтауға қосқан үлестері.

Симпозиумның қорытындысы ретінде «Конгресс холл» кешенінің фойесінде халықаралық суретшілер симпозиумының шығармаларынан көрме ұйымдастырылды. Қылқалам шеберлерінің Түркістанның қазіргі бейнесі бейнеленген суреттері жұртшылыққа ұсынылды.

Симпозиумның қорытынды көрмесінің ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «TURKISTAN STYLE» халықаралық симпозиумына қатысушы суретшілерді құттықтап, дипломдармен марапаттап, сертификаттар тапсырды.

– Түркістан қаласы заманауи қайта жаңғырып, ерекше мәртебеге ие болғанын білесіздер. Осындай сәтте суретшілердің рухани астананың көне тарихы мен жаңаруын бейнелеген туындылары, оның ежелгі тарихына тағы бір үңіліп, киелі Түркістанның бүгінгі күнін өнер тілімен ұлықтауы – құптарлық іс. Сіздер салған өнер туындылары ұрпаққа ең қымбат мұра, маңызы зор деректі мирас болып қалатыны сөзсіз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

Қырғызстан Республикасының халық суретшісі, Тоқтоғұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері академик Юристанбек Шығаев пен ҚР Көркем академиясының академигі және вице-президенті Ерлан Айтуаров бейнелеу өнерін дамыту мақсатындағы осындай ауқымды іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, суретшілер атынан алғыстарын білдірді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Түркістанда Шауғар тұрғындарының мәселелері тыңдалды

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кезекті көшпелі кездесу аясында Шауғар секторының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы ...

Түркістан қаласы, Сауран секторында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылады

Бүгін Түркістан қаласының әкімі кезекті көшпелі кездесулер аясында Әзімбек Пазылбекұлы Сауран секторының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы ...