Түркістан облысында 8 сәуірден бастау алған «Қоныс аудару» жәрмеңкесі бүгін облыс орталығында қорытындыланды.
Еліміздің 7 облысынан атап айтқанда Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан келген жалпы 100-ге жуық делегация өкілі 500-ге жуық түркістандыққа өз аймақтарынан 10 468 бос жұмыс орнын ұсынды. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысында 2 959 бос жұмыс орыны, Шығыс Қазақстан – 2671, Павлодар – 2424 бос орынын ұсынса, Қостанайдан 823 бос орыны, Қарағандыдан – 1342 орын, Ұлытау облысы – 145 және Абай облысынан 104 бос жұмыс орны ұсынылды.
«Конгресс холл» кешенінде өткен шараны ашып берген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев солтүстік аймақтармен іскерлік қарым-қатынас одан әрі нығаятынын жеткізді.
Жәрмеңке нәтижесімен 128 тұрғын көшуге ниет білдірді. Бұған дейін аталған жәрмеңке облыстың Жетісай, Мақтаарал және Сайрам аудандарында өткізілген болатын.
Көрсеткіштерге сүйенсек, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында облыстан 2015-2024 жылдар аралығында 15 589 адам қоныс аударған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылға республика бойынша 7344 квота бөліп, қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгіленді (Абай облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысы, Шығыс Қазақстан облысы).
Бағдарлама аясында қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (275 240 теңге) мөлшерінде көмек беріледі. Сонымен қатар 12 ай бойы жалдамалы баспана мен коммуналдық төлемдерге арналған жәрдемақы, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығына жер бөлу, жеке кәсіп ашу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, өңіраралық іс-шара еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында 2015 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі