Түркістан облысында мал шаруашылығының халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтті

Түркістанда етті және майлы қой түрлерінің V халықаралық көрмесі өтті. «Turkistan show arena» кешенінде өткен көрмеге Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ингушития, Моңғолия, Молдова елдерінен мал шаруашылығымен айналысатын 200-ге жуық азамат және еліміздің өзге облыстарынан келген шаруалар қатысты.

Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, көрменің маңыздылығына тоқталды. Игі істі ұйымдастырушылар мен мал басын асылдандыру бағытында еңбек етіп жатқан шаруаларға сәттілік тілеп, алғысын білдірді.

– Қой өсіру қазақ халқының ата кәсібінің бірі. Мал шаруашылығында жылқы мен қойға ерекше мән берген қазақ халқы қой жаюдың, оны көбейту мен тұқымын асылдандырудың өзіндік әдіс-тәсілдерін қалыптастырған. Облыста асыл тұқымды қой санының үлесі 13 пайызды құрайды немесе 581,4 мың бас. Асыл тұқымды мәртебесі бар 850 бірлік агроқұрылым жұмыс істейді. Соңғы 10 жылда мал шаруашылығы саласында санға емес сапаға мән беріле бастады. Мал тұқымын асылдандырып, дәстүрлі шаруашылықтан заманауи мал бағу тәсіліне көшкен, қожалықтардың табысы еселеніп, әлеуеті арта түсуде, – деген облыс әкімінің орынбасары көрші мемлекеттермен өзара ынтымақтастықты нығайтып, жергілікті шаруалар мол тәжірибе алмасатынына сенім білдірді. Сондай-ақ асыл тұқымды қой шаруашылығын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Шара аясында етті-майлы қой тұқымының «Ең ауыр салмақты», «Бой биіктігі», «Сыртқы экстерьер» аталымдары бойынша байқаулар өтті. Нәтижесінде 45 номинацияның жеңімпаздары анықталып, қазылар алқасының шешімімен үздік қошқар иелеріне мотоцикл, теледидар, тоңазытқыш және кубоктар табысталды. Жалпы жүлде қоры – 30 000 АҚШ доллары.

Көрмеде Гиннесстің рекордтар кітабына енген «Байсары» атты асыл тұқымды қой тұқымы алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Бұл тұқым еттілігімен ерекше. «Байсары» тұқымды ең үлкен қошқардың салмағы 231 кг тартқан.

Айта кетейік, Түркістан облысының мал шаруашылығы саласы елімізде жетекші орында. Республикадағы ірі қара мал санының 12 пайызы (970,1 мың бас), қойдың 23 пайызы (4 135 мың бас), жылқының 11 пайызы (430,7 мың бас), түйенің 15 пайызы (41 мың бас), өндірілген еттің 12 пайызы (245,8 мың тн), сүттің 13 пайызы (447 мың тн) өңірдің үлесінде. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%, қой етінің 75% облыстың еншісінде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Әлемдік көшбасшы компания Түркістан облысында тоңазытқыш шығаратын зауыт ашты

Түркістан облысы, Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» зауыты іске қосылды. Зауыттың ...

Түркістандық оқушылар үзіліс кезінде ұлттық спорт түрлерімен айналысады

Түркістан қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектеп оқушыларының ұлттық спорт түрлеріне қызығушылығы жоғары. Онда шәкірттер садақ ату, ләңгі тебу, гір ...