Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыс көлемінде өткізілген «AL-FARABI» интеллектуалды ойынының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған бұл ауқымды шараның шешуші кезеңінде «Жастар рухы» командасы жеңіске жетіп, 1 млн теңге ұтып алды.
Сайыстың финалдық кезеңіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жыл сайын ұйымдастырылатын интеллектуалды ойынның маңыздылығына тоқталып, жастарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады.
Нағыз білімді жастардың басын қосқан байқауға Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан 200-ге жуық команда қатысып, 1000-ға жуық жас қамтылды. Іріктеу кезеңінен озып шыққан 10 үздік команда финалға жолдама алып, өзара білім сайысында бақ сынады.
Тартысқа толы ойынның нәтижесі бойынша 1-орынды «Жастар рухы» командасы жеңіп алды. 2-орынға «Сайрам» және «11 колледж» командалары ие болса, 3-орынды «Конина power» және «Уран city» командалары еншіледі. I орын алған командаға 1 000 000 теңге, II орынға алған әр командаға 500 000 теңге және III орын иегерлеріне 300 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды. Сайысқа қатысқан әртүрлі командаларға «Үздік ұжым», «Үздік білімгер», «Үздік жауап», «Үздік белсенді топ», «Үздік топ басшысы» номинация иелеріне 100 мың теңге қаржылай сыйлық берілді. 15 командаға ынталандыру сыйлығы 50 мың теңге сертификат табыс етілді.
Айта кетсек, шараның мақсаты – дарынды жастарды қолдау, олардың танымдық қызығушылықтарын арттыру арқылы білім деңгейін көтеру. Сонымен қатар интеллектуалды орта қалыптастыра отырып, жастар арасында шешендік өнер мен азаматтық белсенділікті, құқықтық сауаттылықты арттыру көзделген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі