Талайды тамсандырған қазақ қолөнерінің қайталанбас түрі – қиыннан қиыстырып құрақ құрау. Өнердің сарқылмас қайнар көзіне айналған бұл қолөнер бұйымы әр қазақ шаңырағының төрінен көрінуі тиіс. Төрдің төріне төселген құрақ қазақ өнерін менмұндалатып тұратындай.
Осы асыл мұраны ұрпақ санасына сіңіру, жаңғырту және насихаттау мақсатында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Құрақ құрау – өнердің сарқылмас қайнар көзі» атты тағылымы мол шеберлік сағаты өтті.
Құрақ құрау – тек қолөнер бұйымы ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани шежіре, қазақтың көзіндей сақталған көркемдік кестесі. Бұл өнер – шеберліктің, шыдамдылық пен ептіліктің белгісі ғана емес, ананың баласына мирас етер тәрбиесінің үлгісі. Ертеден-ақ халқымыз құрақтан тігілген бұйымдарды ырымдап, жаңа туған нәрестеге, жас келінге тарту етіп, «ұрпағың көп болсын, шаңырағың берекелі болсын» деген тілекпен ұсынған.
Тағылымы мол шарада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай ұйымдастырылған «Аламан құрақ» жобасына қатысқан шеберлердің жетістіктері де ерекше аталды. Өйткені, бір мезгілде төселген 450 құрақ көрпеден тұратын жалпы аумағы 11 200 шаршы метр болатын алып туынды Гиннесс рекордтар кітабына енгені – ұлттық өнеріміздің әлемдік деңгейде мойындалуының айғағы.
Шеберлік сағаты барысында құрақ құрау өнерінің үздіктерін марапаттау рәсімі өтіп, оларға құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев сөз сөйлеп, шеберлерге алғысын білдірді.
Жалпы, осындай дәстүрді дәріптеу бүгінгі жастар үшін өте қажет. Себебі, зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсысы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, саналуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғарар еді.
Сол арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ тани түсесіз. Сондықтан да ұлттық құндылықты құлдыратпай, дәріптей түсу керек.