Бірлігі бекем елдің берекесі бар

Бүгін Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы жұмысын бастады. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналған, этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт болып қалыптасқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бүкіл Қазақстан үшін тарихи мән-маңызы айрықша айтулы оқиға екені айтылды.

Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілгеніне баса мән беріліп, мемлекеттік органдар түгелдей дерлік Ассамблея жұмысымен айналысады деп байыпталды. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайтыны жария етілді. Бірлік – мемлекетіміздің іргетасы деп санайтын «AMANAT» партиясы да, татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі болған елімізде, азаматтық жауапкершіліктің ең жоғары үлгісі ретінде ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді одан әрі нығайта беретін болады.

Мемлекет басшысы ұлт бірлігін нығайту, мемлекет тұтастығын сақтау, қоғамдық келісімді қамту бағыттарында бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды. «Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек», — деп нақты тапсырма жүктеген Қасым-Жомарт Кемелұлы, Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы тиіс деп тұжырымдады.

Бүгін бірлігі берекелі, тірлігі жарасты Сайрам ауданына жұмыс сапарымен бардым. Бұл аймақ ежелден достық мекені болған қасиетті мекен. Түркістан облысы халқының құрамында 50-ден астам этностың өкілдері бар болса, соның 40-тан астамы – осы Сайрам жерінде жарасты тірлік кешуде. Мұндағы 240 мыңнан аса тұрғынның жартысынан астамы – мемлекет құраушы қазақ ұлтымен терезесі тең, керегесі кең ғұмыр кешіп келеді. Мәдени әр алуандық тұрғындарды бөлектеп емес, керісінше, біріктіріп отыр. Әр ұлттың өзіне тән еңбекқорлық дәстүрімен аймақтың экономикасы қарыштап дамып, қызмет көрсету саласы өрістеп, өркендеуде.

Сөз қадірін бағалай білген қазақта «Бірлігі бар ел – бақытты ел» деген бағзыдан келе жатқан ұғым бар. «Бақыт қайда барасың? Көршімен болған бірлігі, тағат-ғибадат тірлігі, ұйымшыл елге барамын!» деген мағынасы астарлы сөз де бұрыңғылардан қалған. Бабалардан өсиет боп қалған, халқымызға қасиет боп қонған береке-бірлігіміз – біздің баға жетпес байлығымызға айналған. Тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз – құнды қазынамызға баланған.

Түркістан топырағында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы көне заманнан бері бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы болғанын атап өтті. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған қастерлі шаңырақ болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді деген сенімін білдірді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идея алғаш рет 1993 жылы Ордабасыда өткен елдік жиында жария етілгені тарихтан мәлім. Осы жылдар ішінде Ассамблея жалпыазаматтық келісім, қазақстандық патриотизм, азаматтар құқықтарының теңдігі, қазақ тілінің біріктіруші рөлі, мәдени әралуандықты сақтау, ұлттық жаңғыру сынды азаматтық бірегейлікке бастайтын істердің ұйытқысына айналды.

Ассамблеяның қасиетті Түркістан топырағынан бастау алуы – тарихи сабақтастықты, ұлттық бауырмалдық болмысымызды білдіреді деген сенімдемін. Татулық тұғыры – тұрақтылық дейтін дәстүрді жалғауда партияластарымыз Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе қоғамдық қатынастардың орнықты болуына, өңірде этносаралық келісім үйлесімділігін қамтуда, азаматтар арасында толеранттылық құндылықтарын ілгерілетуде, бейбітшілік пен келісім саясатын жүргізуде іргелі істерді атқарып келеді.

Партия айқындаған басымдықтарды ілгерілетуде өңірдегі 11 этномәдени бірлестіктермен, олардың аудан, қалалардағы 7 филиалы және 14 өкілдіктерімен ынтымақтастық байланыстар орнықтырған. Партия құрылымдары өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ашылған ақсақалдар кеңестерімен, аналар кеңестерімен, ассамблея медиаторларымен, этностық топ өкілдерінің жастарымен белсенді қызмет арнасын түзген. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатын болады.

«Бақ бағалағанның басында тұрады» деп білетін халықтың ұрпағы ретінде ішкі бірлігімізді сақтау – бабалар алдындағы қасиетті борыш, келешек ұрпақ алдындағы зор аманат екенін ұғамыз. Тыныш елде тоқшылық болатынын әйгілі Күлтегін бабамыз айтқан. Бабалар өсиетіне ой жүгіртіп, ынтымағымызды ыдыратпай, алдыңғы буынның бақыты үшін қажыр-қайратымызбен еңбек етеміз деген сенімдемін. Барша ағайынды берекелі бірлікті көздің қарашығындай қорғап, татулық пен ынтымақ жолын жалғауға үлес қосуға шақырамын. Елімін аман, жұртымыз тыныш болсын!

Алтынсары Үмбетәлиев,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі

x

Check Also

Президент бастамалары еліміздің жастарын біріктіре түседі

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті. Аталған сессияға Түркістан облысынан бір топ «Ассамблея жастары» қатыстық. ...

Елдің қуаты — бірлігінде

Бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті. Сессия аясында қатысушылар ел бірлігін нығайту, этносаралық келісімді сақтау және Ассамблеяның қоғамдық ...