Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы

Қадірлі отандастар!

Ораза айт мейрамы құтты болсын!

Татулық пен бауырмалдық, жақсылық пен игілік салтанат құратын осы қастерлі мерекенің барша мұсылман қауымы үшін мән-маңызы айрықша.

Рамазан айында имандылыққа, рухани тазаруға ұмтылған жұртымыз Айт күні ақ дастархан жайып, қонақжайлық көрсетеді. Бір-біріне ізгі тілегін арнайды. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қамқорлық танытады. Сол арқылы адамгершілік құндылықтар қоғамымызда терең орныға түседі.

Ораза айт мерекесінің тағылымы ата салтымызбен терең сабақтасып жатыр. Біздің дініміз де, дәстүріміз де азаматтарды бірлік пен ынтымаққа үндейді, өзара сыйлас болуға шақырады. Осы қасиеттеріміз барда халқымыздың Әділетті, Қауіпсіз, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құру туралы арман-мұраты орындалатынына кәміл сенімдімін.

Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Әр шаңыраққа құт-береке дарысын!

Айт қабыл болсын, ағайын!

x

Check Also

Азаматтардың 70%-ы елдің даму бағытын оң бағалайды – әлеуметтік сауалнама

Халық саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға қалыпты оптимистік баға беріп отыр. Қоғамдық саясат институтының зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 70%-дан астамы Қазақстан ...

Жерлестеріміз Азия чемпионатындағы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді

Иорданияның Амман қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде еліміздің грек-рим күресінің балуандары 1 күміс, 2 қола жүлдеге ...