Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы бөлімше құрылды

Отбасылық құндылықтарды сақтау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері – Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында.

Бүгінгі таңда облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылды. Аталған бөлімшенің басты ерекшелігі –отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жинақталған жүйелі мәселелерді жою. Бұл жайында Түркістан облыстық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Жанар Қалабаева брифингте мәлімдеді.

«Отбасындағы зорлық-зомбылық тәуекелдерін анықтау мен бақылаудың жаңа алгоритмдері әзірленді. Жедел топтар жағдайды талдаудың цифрлық құралдарын қолдана отырып, отбасылық зорлық-зомбылық жағдайларына жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді. Ресми мәлімдемелер түскенге дейін, оның ішінде қайталанған жанжалдар туралы деректер негізінде де зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, құрбандар мен куәгерлерді қорғау, олардың қауіпсіздігі мен қолдауды қамтамасыз ету де басты назарда. Жаңа бөлімше қайталанатын зорлық-зомбылық қаупін бағалап, агрессорлармен жұмысты да күшейтуді қолға алады»- деді спикер.

Жалпы елімізде биыл жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 607 хабарлама келіп түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3%-ға аз. Сонымен қатар, өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтар құрылып, жыл басынан бастап полиция қызметкерлері мекен-жайы бойынша 345 отбасын қарап, мемлекеттің көмегіне мұқтаж 47 отбасын анықтаған. Оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін мемлекеттік органдарға ақпарат жіберілуде. Сондай-ақ, еліміз бойынша 17 отбасын қолдау орталықтары қызмет көрсетуде.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Түркістан: Шардарадағы жүгері өңдеу зауытында 500-ден аса жұмыс орны құрылады

Облыс көлемінде өңдеу өнеркәсібі ұдайы даму үстінде. Бұл бағытта бірқатар жобалар жүзеге асса, енді бірі ашылуға жақын. Соның бірі – ...

Туркестан: Пляжи в Шардаре приведены в порядок, туристам предоставляются качественные услуги

С начала купального сезона на пляжных территориях Туркестанской области усилили меры безопасности и чистоты. На пляжах в Шардаре устранили раннее ...