Сауран ауданына қарасты ауылдық округтері жастарының арасында «Әуесқойлар футбол лигасының» күз-қыс маусымының жабылу салтанаты өтті.
Аталған шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаттары Абдуллаев Нұрсұлтан, Азимов Азизбек тағы да басқа қонақтар мен спортшылар қатысты. Жарысқа 12 ауылдық округтен жасақталған 17 командадан 300-ден аса спортшы қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Үш айға созылған доп додасы өз мәресіне жетті.
Айтулы жарыстың қорытындысымен марапаттау рәсіміне аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, кіші футбол көркін қыздырған барлық командаларға өз алғысын білдірді. Сонымен қатар, жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттады.
“Ауданға қарасты барлық ауылдық округтерден командалар қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Аудандық деңгейде өткізіліп жатқан мұндай спорттық шаралардың жастар арасында бұқаралық спортты дамытуда берері көп. Еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп, Қазақстанның абыройын асқақтатуда Сауран ауданының спортшыларының де елеулі үлесі бар. Сондықтан жарыста жеңімпаз болған Қарашық футбол командасы республикалық чемпионатқа жолдама алып отыр. Жерлестерімізге республикалық чемпионтта да жеңіс тұғыранан көруіне тілектестік білдіремін», — деді Мақсат Асылбекұлы.
Спорттық шараға арнайы келген қонақтар аудандық мәслихат депутаттары Абдуллаев Нұрсұлтан, Азимов Азизбек сөз сөйлеп, жеңімпаз бен жүлделі орыннан көрінген командаларды құттықтап, аталған спорттық шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған аудан әкімі Мақсат Таңғатаровқа өз алғыстарын білдірді.
Сонымен үш айға созылған доп додасында жүлделі 3-ші орынды Жүйнек командасы иеленсе, 2-ші орынды Оранғай командасы еншіледі. Бұл командағада 1 миллион теңге қаржылай сыйақы берілді. Ал, Қарашық командасы жеңімпаз болып танылып, 1 миллион теңге қаржылай сыйақымен марапатталды. Әуесқойлар арасындағы республикалық чемпионатқа Қарашық пен Оранғай командасы баратын болады.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі