Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған көркемсөз шеберлерінің байқауы өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған көркемсөз шеберлерінің байқауы өтті

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Оқушылар сарайында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Өлең сөздің патшасы…» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Бұл рухани іс-шара қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеуге арналған тағылымды кеш болды.

Байқаудың басты мақсаты – Абай мұрасын кеңінен насихаттау арқылы жастардың қазақ мәдениеті мен әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру, көркемсөздің терең мәнін ұғындыру, ұлттық өнер мен дәстүрді жаңғырту.

Сайысқа 16-29 жас аралығындағы талантты жастар қатысып, олар үш кезең бойынша сынға түсті: Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқу, «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем оқып, образды жеткізу, сондай-ақ ақынның әндерін жанды дауыста орындау.

Байқаудың шымылдығы М.Әуезов университеті жанындағы «Думан» жастар театрының «Абайдың асыл мұрасы» атты сахналық қойылымымен ашылды. Бұл көрініс көрермендерді бірден рухани әлемге жетелеп, Абайдың кемеңгерлік мұрасына терең бойлатты.

Қазылар алқасының құрамында танымал өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар және көркемсөз оқу шеберлері байқауының жеңімпаздары болды. Қатысушылардың өнері шығарманы оқу шеберлігі, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтау, көрерменмен байланыс, сахна мәдениеті және ән орындау қабілеті сияқты бірнеше критерий бойынша бағаланды.

Байқау қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
• Бас жүлде – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті Ұлжалғас Маратқызына бұйырды.
• І орын – ҚР Ұлттық ұланының жауынгері Ромашов Жұлдызбек иеленді.
• ІІ орын – Саз колледжінің 1-курс студенті Асқар Бекзат Айдосұлы және ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің жауынгері Жұматбай Абдулла жеңіп алды.

Қалған қатысушылар да белсенділігі үшін дипломдармен марапатталды.

«Өлең сөздің патшасы…» байқауы Абай мұрасын насихаттау арқылы жастардың рухани дүниетанымын кеңейтіп, олардың қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосты.

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...