Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен көрермен назарына ұсынылған «Таңдау» толықметражды фильмі ерекше ықыласпен қабылданды. Бұл туынды жастар арасында өзекті мәселелерді қозғап, олардың дұрыс бағытта таңдау жасауына ықпал етуді көздейді.
Фильмде қоғамдағы өткір тақырыптар – жастардың қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениеті, синтетикалық есірткіден келетін қауіп-қатер, сондай-ақ құмар ойындардың зияны драматургиялық оқиға арқылы шебер суреттелген. Режиссер Батырхан Дәуренбеков пен оның шығармашылық ұжымы жас буынның өмірлік сынақтары мен дұрыс таңдау жасау маңыздылығын әсерлі бейнелей білді. Сценарий авторы – Батырхан Дәуренбеков, екінші режиссер – Жанболат Турлыбеков, ал операторлық шеберлікті Исабаев Бегалы атқарған.
Фильм кейіпкерлері мектепті жаңа бітірген жастар түрлі жолды таңдап кетеді. Бірі әкесінің ақшасына сенсе, бірі өз қабілет-қарымын дамытып, кәсібін ашады. Ал, бірі оңай ақша мен ойынқұмарлықтың соңында кетеді. Автор осы арқылы қоғамға өзекті ой тастап, ақшаның заңсыз жолмен табылуының қауіпті салдарларын шынайы көріністермен жеткізді. Мұндай өзекті мәселелердің көркемдік тұрғыда баяндалуы жас көрермендерді ойландырмай қоймайды. Фильмде басты рольде ойнайтындар қаламыздағы Шанин театрына Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан келген жастар және сол Шанин театрының әртістері.
Көрсетілімге арнайы қатысқан Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова фильм авторлары мен актерлік құрамды еңбегі үшін алғыс білдіріп, олардың жастарға тағылымды ой тастау бағытындағы жұмыстарына жоғары баға берді. «Бұл фильм – жастардың игілігі үшін жасалған маңызды жоба. Оның қоғамға тигізер пайдасы мол болады деп сенеміз», – деп атап өтті ол.
«Таңдау» – жастардың өмір жолындағы маңызды шешімдеріне бағыт-бағдар беруді мақсат еткен мазмұнды туынды. Осы фильм арқылы әр жас адам өз өміріне жауапкершілікпен қарап, дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығын түсінуге мүмкіндік алады.