Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралады. Жұмыс барысында рухани-мәдени орталықтан бой көтерген «Қылует» рухани орталығына барып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Бүгінде рухани орталықтың ішкі әрлеу жұмыстары жүзгізілуде. Өңір басшысы халық қаражатына салынып жатқан рухани нысанның маңыздылығын атап өтіп, жауаптыларға құрылыс жұмыстарын күшейтуді және сапаны бақылауда ұстауды тапсырды.
Алғашқы кезеңнің жұмыстары толық аяқталған. Екінші кезең бойынша жұмыстар жалғасуда. Мешіттің жалпы ауданы – 3,54 га. Мұнда көрме орталығы, 500 адамға арналған құлшылық орны, дәрісхана, кітапхана және жатақхана болады. Сондай-ақ мешіт аумағында заманауи оқу орны – медресе, яғни, қарилар дайындау орталығы болады.
Құрылысқа барша қазақстандықтар үлес қоса алады.
Мешіттің тарихы тереңде жатыр. Түркістанда XIX ғасырдың екінші жартысында (1864-1865 жж.) салынған «Қылует» мешіті болған. Мешіт ғимараты 1960 жылы бұзылып, орнына бір күмбезді жаңа мешіт бой көтерген. Кейін келушілердің көбеюіне байланысты 1980 жылы толық сүріліп, қайта салынған. 2020 жылы мешіт жарамсыз деп танылып, бұзылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі