Түркістан облысындағы бизнес ахуалды талқылау мақсатында облыс орталығында өңір кәсіпкерлерімен ауқымды кездесу ұйымдастырылды. Жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, мәслихат депутаттары, аудандық кәсіпкерлер кеңесі мүшелері, құқық қорғау органдары мен қаржы институттарының басшылары қатысты.
Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтары дамыған Түркістан өңірінде кәсіпкерлерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Аудандарда 14 индустриалды аймақ құрылды. Сондай-ақ, шағын өндірістік паркте кәсіпкерлерге дайын ғимараттар жеңілдетілген шарттармен ұсынылады. Облыс әкімі осы мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіпкерлерді Түркістан өңірінде бизнес ашуға шақырды.
– Мемлекет тарапынан бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілуде. Орташа есеппен елімізге 12 трлн. теңгеге 3 мыңға жуық тауар импортталған. Бұлардың ішінде киім, жиһаз, кеңсе заттары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдарын өзімізде шығаруға болады. Ол үшін инфрақұрылым алаңдары, дайын ғимараттар, қаржылай қолдаулар жеткілікті. Мысалы, индустриалды аймақтарда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері ұсынылуда. «Арнайы экономикалық аймақ» өз қатысушыларын салықтардан, кедендік баждардан және инфрақұрылымы бар жер учаскелерінен өтеусіз негізде босатуды қамтитын ерекше құқықтық режимді ұсынады. Екіншіден, шағын өндірістік парк жобасы жүзеге асуда. Кәсіпкерлер үшін дайын өндірістік ғимараттар жеңілдетілген шарттармен ұсынылады. Сауран ауданындағы Шаға ауылында 30 гектар жерде 39 өндірістік ғимараттың құрылысы басталып, 10 ғимараттың құрылысы аяқталды. Тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін шығару, жиһаз цехы, тоңазытқыш, есік жасау кәсіпорындары өз жұмыстарын бастады. Өндірістік парк аумағы 100 гектарға ұлғайтылды. Алдағы уақытта бұл аумақта 150-ден аса өндірістік алаң құрылады.Бұл өндірістік ғимараттар кәсіпкерлерге нарықтан 50%-ға төмен жалға алуға (882 теңге), немесе жеңілдетілген шартпен сатып алу құқығымен беріледі (7 жылға дейін бөліп төлеу, 3% несиелеу көзделген). Осы мүмкіндікті пайдаланып, сіздерді өндірістік ғимараттарда бизнес-жобаларыңызды іске асыруға шақырамын.
Кәсіпкерлікті дамыту арқылы біз өңірдің экономикасын ілгері жылжытамыз. Оған қоса, өңірге шетелдік инвесторлар көптеп келуде. Осы ретте олармен бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндіктер бар. Кәсіпкерлікпен айналысып, бизнесті кеңейтемін деген кәсіпкерлерді біз әрқашан қолдауға дайынбыз, – деді Дархан Амангелдіұлы.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахыпбеков Ұлттық палата жұмысындағы өзгерістер жайлы айтып өтті.
– Ұлттық палата цифрлық экожүйенің жаңа моделін әзірледі. Бірыңғай жеке кабинет пен маркетплейс құру ұсынылды. Бұл бизнеске мемлекеттік қолдау мен қызметтерге оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша 2023-2024 жылдары республикада іріктеліп алынған 138 финалист 700 түрлі өнім шығаруда, үлкен туристік қалаларда арнайы дүкендер ашу жоспарлануда. Ел бойынша 158 салалық кеңес жұмыс істеп, кәсіпкерлердің проблемаларын шешуде. Соңғы 1,5 жылда заңнамаға енгізілген 1,5 мың түзету бизнес ортаны жақсартуға ықпал етті, –деді ол.
Жиын модераторы Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов кәсіпкерліктің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды рөліне тоқталды.
«Кәсіпкерлікті дамыту – әрқашан өзекті мәселе. Осы мақсатта жыл сайын облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырып, нәтижесінде көптеген мәселе шешімін тауып келеді. Бүгін де дәстүрге сай арнайы жиын өткізіп отырмыз. Басты мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлік саладағы реформаларды талқылау, олардың тиімділігі мен болашағын халыққа түсіндіру, сондай-ақ, кәсіпкерлердің проблемаларын шешуге бағытталған жоспарларды белгілеу» деп түйіндеді ол өз сөзін.
Кездесуде құқық қорғау органдарының басшылары да сөз сөйлеп, өңірдегі кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан факторлардың кездесетіні де айтылды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау туралы облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев баяндама жасады. Ал, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп биылғы жылдың өзінде 26 мыңға жуық бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғағандарын жеткізді. Оның айтуынша, жыл басынан бері кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 12 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Кәсіпкерлерге несиелерді қолжетімді ету үшін банктердегі несиелердің пайыздық ставкасын субсидиялауға биыл бюджеттен 16,2 млрд. теңге бөлінді. Өңір кәсіпкерлері осы қаржы институттары арқылы 91,5 млрд. теңге несие алды. Өңірде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 263 млрд. теңгенің 13 инвестициялық жобасы іске асырылып, 3 600 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта облыс экономикасына тың серпін беретін 145 инвестициялық жоба іске асырылады. Нәтижесінде 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады.
Алқалы жиында кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Әрбір қатысушы өзін алаңдатқан сауалына жауап алып, ашық әңгіме бизнес-диалогқа ұласты.
Кездесуге келген көпшілік «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесін тамашалады.
Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан» газеті.