Түркістандықтарға «Солтүстікке көш» бағдарламасының мән-мағынасы түсіндірілді (видео)

Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында 300-ден астам дәрігер, 250 мемлекеттік, 200-ге жуық полиция қызметкері жетіспейді. Одан бөлек, мұғалім, ауыл шаруашылығы мамандары, механизатор мен жүргізушілер тапшы, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жөнінде «Солтүстікке көш» бағдарламасы бойынша Түркістан облысының тұрғындарымен кездескен «Қандастар және қоныс аударушылар орталығының» өкілдері мәлімдеді.

Солтүстіктен келген делегация алдымен Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті. Топ мүшелері қай ауданға қандай мамандар қажет екенін, қандай мүмкіндіктер жасалатынын айтты. Қала тұрғыны Базарбай Төлеген жекеменшік мектепте жұмыс істейтін ұлы мен келінін солтүстікке жіберуге ниетті екенін жеткізді.

Базарбай Төлеген, Түркістан қаласының тұрғыны:
— Болашақта немерелер бар, сол жаққа барса, мүмкіндіктер көп болып жатыр дейді ғой. Қарапайым мұғалім болып жүре бергенше 1-2 жылдан кейін меңгеруші, директор болады, одан әкім болады. Сондай ниетіміз бар енді. Өзім барып, көріп қайтамын.

Солтүстікке көшуге неиеттілердің бірі – Жандос Жорабек. Саясаттану магистрі 4 жылдан бері қалалық әкімдікте бас маман болып жұмыс істейді. Бірақ мұнда бәсекелестік көп болғандықтан өсу мүмкіндігі жоқ екенін айтады.

Жандос Жорабек, Түркістан қаласының тұрғыны:
— Қарапайым маманнан бастадық, енді өсу көрсеткіші аз, төмен бұл жақта. Бәсекелістік өте көп, қай жерге барсаңыз да. Тек Түркістан қаласында емес, облыстың барлық жерінде. Бір ауданның өзінде 250-300 мың халық тұрады. Сондықтан солтүстікте мүмкіншілік өте жоғары деп ойлап отырмын. Ол жақта жоғары жетістікке жетеміз деп ойлаймын.

Солтүстіктен келген мамандардың айтуынша, көшіп барған отбасының әрбір мүшесіне 260 мың теңгеден біржолғы өтемақы беріледі. Ал үй сатып алған жағдайда баспана бағасының 50%-ін мемлекет төлеп береді. Мамандар солтүстіктегі ауылдарда 1-1,5, ал аудан орталығында 3-4 млн теңгеге жақсы баспана алуға болатынын айтады. «Істеймін деген адам болса, жоғары жалақыға да жұмыс табылады», — дейді.

Әнуар Тоқпан, СҚО «Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру» орталығының жетекшісі:
— «600 мың айлыққа КАМАЗ айдайтын ешкімді таба алмай отырмыз», дейді. «Барсаңыздар айтыңыздаршы, жіберіңіздерші» деп ол кісілер телефон нөмірлерін беріп жатыр. Үлкен компаниялар бар, оларда шығып жатыр «жұмысшылар жетіспейді ауыл шаруашылығына» деп. Күш жетіспей жатыр, ол – шындық.

Соңғы уақытта қоғамда «Солтүстікке көш» бағдарламасының дұрыс жүзеге аспай жатқандығы туралы түрлі сын айтыла бастады. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та өзінің сыни пікірін білдірген болатын. Соңғы 3 жылдан бері көш мәселесімен айналысып жүрген Бурахан Дахановтың бұған қатысты өз айтары бар.

Бурахан Даханов, «Tauekel» ұйымының жетекшісі:
— Біздің Үкімет тарапы ойлайды, «біз солтүстікке көшіп барған азаматтарға үйін берсек, сәл ақшасын төлесек, жұмысын берсек, бәрі жақсы болып кетеді», — деп. Бірақ ол негізі мүлдем олай емес, оның рухани жақтары бар. Көшіп келген адамдардың интеграциясы, социализациясы, адаптациясы деген сияқты дүниелері қамтылмаған. Оны мойындауымыз керек. Бір қызығы, солтүстіктен көшіп кеткен адам ешқашан өзін кінәлі сезінбейді. «Жағдай дұрыс жасалған жоқ», деп айтады көбі. Бірақ нәтиже бойынша 10 адам болса, соның 7-і қалып жатқаны ол – факт.

Елімізде «Еңбек» көші-қон бағдарламасы 2017 жылы басталды. Осы уақыт аралығында Солтүстік Қазақстан облысына 18 мың азамат қоныстанған. Биыл теріскейге 2900 квота бөлініп отыр. Жыл басынан бері өңірге 567 отбасы, яғни 1857 адам көшіп барған. Оның ішінде 160 отбасы Түркістан облысынан қоныс аударғандар.

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...