Түркістан облысы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті еліміздің мақтанышы болған педагогтердің есімін ұлықтап, олардың еңбегін ерекше атап өту мақсатында арнайы стенд әзірлейді,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл стендте «Қазақстанның Еңбек Ері»және «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленген ұстаздардың суреттері мен есімдері көрнекі түрде көрсетілген. Аталған бастама білім саласындағы майталман мамандардың еңбегін бағалап, жас буынға үлгі етуге бағытталған.
Бұл галерея ұстаздарды ғана емес, жалпы педагог мәртебесін асқақтатуға арналған. Түркістан облысы ұстаздарының жетістіктерін насихаттай отырып, жас ұрпақты білім мен тәрбие жолында үлгі тұтуға бағыттайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім саласына сіңірген елеулі еңбектері үшін осы ұстаздарды арнайы марапаттаған болатын. Бұл – олардың ұлт болашағы үшін атқарған еңбектерін мойындап, оларға көрсетілген құрметтің белгісі. Осындай ерекше марапат алған педагогтер елдің ең бағалы қазыналарының бірі және олардың еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.
Айта кетейік, алдағы уақытта бұл шара жалғасын табады деп жоспарлануда.