Біздің заман – білімге сенетін заман. Түркістанның тумасы Әсел Амангелді де осы ұстанымға берік. Ол бакалавриат бағдарламасын Назарбаев университетінде аяқтап, қазір әлемнің үздік оқу орындарының бірі Гарвардта грант негізінде білім алып жатыр.
Әселдің оқушы кезіндегі басты арманы Назарбаев университетіне оқуға түсу болған. Оның айтуынша, осы мақсаты үнемі алға жетелеп, күш беріп отырған.
«Әуелі NU-мен виртуалды тур арқылы танысып, шетелге бармай-ақ әлемдік деңгейдегі білімді алуға болатынын түсіндім. Бұрын бұл мүмкіндіктен хабарсыз едім. 2016 жылы барлық емтиханды сәтті тапсырып, «Foundation» бағдарламасына қабылдандым. Университеттегі әрбір күнім жаңа білім мен жаңалыққа толы болды. Онда сабақ берген профессорларым менің дамуыма үлкен әсер етті», дейді ол.
Әселдің сөзінше, университет білім алуына ғана емес, жеке тұлға ретінде қалыптасуына да ықпал еткен. Сондай-ақ жоғары оқу орнындағы белсенді өмір көшбасшылық қабілеттері мен өзіне деген сенімділігін арттыра түскен. Ол «Nomad» дебат клубына қатысып, сыни тұрғыдан ойлауды, ойын анық жеткізуді, өз пікірін сенімді қорғауды үйренген.
«Назарбаев университетіндегі студенттік өмірім мазмұнды әрі әсерлі болды. Еліміздің әр өңірінен келген талпынысы мықты жастармен араласып, оларды өзіме үлгі тұттым. Осы жерден ең жақын достарымды таптым. Университетте қолдау көп болды. Мен толықтай грант негізінде білім алып, шәкіртақы алдым, бұл да демеу. Сонымен қатар көпбалалы отбасынан шыққандықтан, қосымша жеңілдік болды. Мысалы, бірінші оқу жылында тегін тамақтану ұсынылды, сондай-ақ бес жыл бойы жайлы жатақханада тегін тұрдым. Бұндай қолдау оқуға көңіл бөлуіме мүмкіндік берді. NU-ды бітіргеннен кейін бірден елшілікке жұмысқа қабылданып, тәжірибе жинадым», дейді Әсел.
Назарбаев университетінде математика ғылымынан бакалавр дәрежесін алған ол қазір білімін Америкада «Education Leadership, Organizations, and Entrepreneurship» бағдарламасы бойынша жалғастырып жатыр. «Бүгінгі таңда Гарвардта оқып жатырмын. Осыған дейінгі алған білімім, NU-дағы тәжірибем болмаса, маған мұнда оқу қиын болатын еді», дейді ол.
Әселдің айтуынша, Америкада гранттың екі түрі бар: «Need based пен merit based. Need based» – оқуға қаражаты жартылай жетпей тұрған адамдарға берілетін мүмкіндік. Өйткені онда оқудың 30–50 пайызы өтеледі. «Merit based» – адамның жеке жетістіктері мен қабілетіне байланысты беріледі. Мұндай грантты алатындар аз, себебі көптеген үміткердің арасында тек үздіктер таңдалады. «Сондықтан балаңыз Америкада оқысын десеңіз, оны 6–7 сыныптап бастап даярлау қажет. Ағылшын тілі деңгейі де өте мықты болуы керек, басқа елдерге қарағанда Америка жоғары ұпай талап етеді», дейді ол.
Әдетте шетке кеткендер елге оралғысы келмей жатады. Бірақ Әсел Гарвардты аяқтағаннан кейін туған жеріне келіп, өз мектебін ашуды әрі еліміздегі ауылдық жерлердегі білім сапасын жақсартуды жоспарлап отыр.
«Болашақта білім саласын басқарумен айналысқым келеді. Гарвардта оқудағы мақсатым – өзім құрған ағылшын тілі мектебінің деңгейін көтеру, оған жаңашылдық енгізу. Осында оқып жүріп, еліміздегі білім саласында қандай мәселелер барын жақсы түсініп жатырмын. Әртүрлі жағдайларды зерттей отырып, еліміздегі білім жүйесіне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік алдым. Көптеген ой келді, сол тәжірибемді енгізсем деймін. Мен «Болашақ» стипендиясының иегері емеспін. Маған Гарвард грант берді. Бірақ туған еліме деген сүйіспеншілікпен, мені тәрбиелеген университет, мектепке деген алғысыммен білімімді елімнің дамуына арнауды өзімнің борышым деп білемін», дейді Гарвард студенті.
Әселдің арманы – еліміздегі білім саласын жаңғырту. Ол ауылдағы дарынды балалардың сапалы білімге қол жеткізуі қиын екеніне қынжылады. Оның айтуынша, ауыл балаларының көбі үлкен мақсатқа жетуге, жоғары оқу орындарына түсуге құлшынғанымен, қажетті жағдай мен қолдауға ие бола бермейді. Қаладағы замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алмайды. Сондықтан Әсел Гарвардта алған білімін, әлемдік тәжірибесін қолдана отырып, ауылдағы талантты балаларға қолдау көрсетуге, олардың сапалы білім алуы үшін жаңа мүмкіндік жасауға ниетті. Әселдің пайымдауынша, білім – әр бала үшін жарқын болашаққа апарар жол. Ол әлеуметтік жағдайы мен тұрғылықты мекеніне қарамастан бәріне қолжетімді болуға тиіс.
«Менде сапалы білім бәріне қолжетімді болады деген сенім бар. Себебі әрқайсысымыздың өмірімізді өзгертуге, өз әлеуетімізді жүзеге асыруға құқымыз бар. Арыстан шығып Гарвардқа түсуім – сапалы білімнің арқасы. Бірақ менің ауылдағы құрдастарымның бәрінде ондай мүмкіндік жоқ. Өкінішке қарай, еліміздегі білім саласында теңсіздік бар. Әсіресе тұрмысы төмен отбасылардан немесе ауылдан шыққан балаларды қолдау аз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларды қосымша сабақтарға, қымбат курстарға қатыса алмайды. Көптеген студент осындай отбасылардан шыққандықтан, оқып жүріп жұмыс істеуге мәжбүр, олар үй шаруасына, өзінен кішілерге қарайды. Мұндай тұрмыстық мәселелер олардың дамуына кері әсерін тигізеді, тіпті емтиханға дайындалуға уақыты қалмайды. Салдарынан ҰБТ-дан төмен балл алып, тілдерді үйренуге үлгермей, жақсы оқу орындарына түсе алмай қалады. Ал жоғары білім дегеніміз – әлеуметтік және экономикалық жағдайды жақсартуға берілген мүмкіндік. Егер әр бала сапалы білім алуға мүмкіндік алса, онда ол өз өмірін ғана емес, елдің де болашағын жарқын ете алады», дейді Ә.Амангелді.
Әсел үшін білім – табысқа жетудің құралы ғана емес, өмірді, қоғамды, тіпті бүкіл ұлттың болашағын өзгертуге мүмкіндік беретін күш. Еліміздің шалғай ауылынан Гарвардқа дейінгі жолды жүріп өткен ол білімдегі теңсіздікке өзі де куә болған. Бірақ осы жолда кездескен қиындық оны шыңдап, өмірлік мақсатына жетелей түсті.
Айтолған ЖҮНІСХАН
«Egemen Qazaqstan» газеті