Түркістан: Сарыағашта «Қызыққа толы студенттік өмір» атты фестиваль өтті

Сарыағашта 17 қараша — Халықаралық студенттер күні мерекесі қарсаңында студент жастардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін және білімге, өнерге деген құштарлығын арттыру мақсатында Сарыағаш аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қызыққа толы студенттік өмір» атты аудандық фестивалі өтті,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекелік шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Біржан Байтуов және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов қатысып, студенттерді арнайы мерекемен құттықтады.

— Әр адамның өмірінде ерекше орын алатын студенттік шақ ешқашан ұмытылмайды. Бұл – қызығы мен қиындығы қатар жүретін, болашаққа бастар маңызды кезең. Сіздер бүгін жастықтың жарқын сәттерін бастан өткеріп, ертеңгі ересек өмірге сенімді қадам жасап жатырсыздар. Алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерден көрінулеріңізге тілектеспін, — деді аудан әкімі.

Фестиваль студенттердің IT саласындағы жетістіктері мен қолөнер бұйымдарының көрмесімен ашылды. Одан соң әр оқу орнынан келген қатысушылар өздерінің өнерлерін шығармашылық қойылымдары арқылы көрермен назарына ұсынды.

Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды: «Білімді ұрпақ» кезеңі бойынша – Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжі І орынды иеленді. Сондай-ақ, «Менің колледжім» кезеңі бойынша – Абу Али Ибн Сина колледжі І орынға жайғасты. Ал «Ұмытылмас студенттік шақ» кезеңі бойынша – Арыстанбаб жоғары колледжі І орынды иеленді. Тақырыптық көрініс бойынша – Сарыағаш медресе колледжі І орыннан көрінді.

Фестиваль соңында барлық жеңімпаздарға аудан әкімінің алғыс хаттары табысталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетсек, қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы 6 арнаулы орта оқу орнында 5076 студент білім алуда, оның 1283-і жатақханамен қамтылған. Сонымен қатар биыл 5 колледжге 1075 мемлекеттік грант бөлініп, студенттер тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

x

Check Also

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...

Арыс қаласында жаңа «Келешек мектебі» ашылып, үш мектептің мәселесін шешті

Арыс қаласының Тараз мөлтек ауданында жаңа №2 «Келешек мектебі» өз жұмысын бастады. Заманауи білім ордасының ашылуы қаладағы үш мектептегі орын ...