Түркістан қаласы маңындағы өндірістік паркте жаңа зауыттар ашылады

Түркістан облысы әкімінің қолдауымен инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Түркістан облысының Сауран ауданында «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өндірістік парк 30 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 10 ғимарат пайдалануға берілген.

Жалпы Өндірістік парктің құны 13 млрд. теңгені құрайды және оның құрылысы аяқталғанда жаңа зауыттар салынады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған аумаққа барып, құрылыс жұмыстарын қадағалады. Мердігер мен жауапты басқарма басшысына және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасына тиісті тапсырмалар берді.

– Өндірістік парктегі ғимараттар уақтылы тапсырылсын. Алдымен тұрмыстық техника, электроника өнімдерін шығаратын зауыттардың ғимараттарын жедел аяқтап, жобаларды бастау керек. Өндірістік парктегі әрбір ғимаратқа жаңа жобалар іздеп, келісімшарт жасай берген жөн. Ізденіңіздер, инвесторлармен жүйелі жұмысты жалғастырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Жалпы өндірістік парк 100 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 151 ғимарат салу жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Аталған жоба 3 кезеңмен жүзеге асырылады.

Бірінші кезеңде 30 гектар жерде инвестиция көлемі 154,8 млрд. теңгені құрайтын 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 24,7 мың шаршы метрі қолданысқа берілді. Сонымен қатар 8 жоба іске асырылып, 36,5 млрд. теңге инвестиция тартылған және 712 жаңа жұмыс орны құрылуда.

Қазіргі уақытта Өндірістік паркте «BNK Group» ЖШС-нің (инвестиция құны 14,1 млрд. теңге, 140 жаңа жұмыс орын) су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорны, «Aqniet Holding» ЖШС (инвестиция құны 5,9 млрд. теңге, 75 жаңа жұмыс орын) мектепке арналған жиһаздарды өндіретін кәсіпорны, Украиналық «UBC Group» компаниясы (инвестиция құны 10 млрд. теңге, 160 жаңа жұмыс орын) өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіретін және өзге де кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр.

2024 жылдың соңына дейін 13 ғимаратты және 2025 жылдың бірінші тоқсанында 16 ғимаратты іске қосу жоспарланған.

Екінші кезеңде 2025-2026 жылдары 70 га аумақта 112 ғимарат соғу межеленген.

Үшінші кезеңде, яғни, 2025 жылы 14 ғимаратты іске қосу жоспарланған (инвестиция құны 35,1 млрд. теңге). Кәсіпкерлерге инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындары ұсынылып, осы арқылы жұмыс орындарын көбейту көзделіп отыр.

x

Check Also

Жолдау: Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүріп жатыр

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласындағы қордаланған ...

Сарыағашта «Жайлы мектеп» жобасымен 900 орындық қос мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Ел Президентінің ...