6-11 қараша аралығында Шымкент қаласында өткен Орталық Азия елдерінің IX халықаралық театр фестивалі биыл Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына арналды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан және Қазақстан театрлары қатысты. Фестивальде 9 үздік қойылым сахналанып, қазылар алқасы кәсіби деңгейде сараптама жүргізді.
Жеңімпаздардың тізімі келесідей:
— Үздік эпизодтық ер адам бейнесі – Базарбай Назарымбетов, Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театрының «Лувр үйрегі» спектакліндегі Шал рөлі.
— Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі – Бақытгүл Асанова, Мемлекеттік «Учур» жастар театрының «Бетпе-бет» спектакліндегі Ана рөлі.
— Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі – Марат Хабибуллин, Әтнә мемлекеттік татар драма театрының «Қар астындағы қайнар бұлақ» спектакліндегі Әке рөлі.
— Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі – Севинч Курбонова, «Дийдор» мемлекеттік жастар эксперименталды театр-студиясының «Сайқымазақтар ойыны» спектакліндегі Айхан рөлі.
— Үздік ер адам бейнесі – Фират Онур Дениз, Алания қалалық театрының «Шал мен теңіз» спектакліндегі Шал рөлі.
— Үздік әйел адам бейнесі – Мөлдір Зияева, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Атжалман ғасыр» спектакліндегі Жанбике рөлі.
— Үздік актерлік ансамбль – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» қойылымы.
— Үздік режиссер – Шамиль Дыйканбаев, Мемлекеттік «Учур» жастар театрының «Бетпе-бет» спектаклі.
— Үздік спектакль – Самарқанд облыстық музыкалық драма театрының «Ләйлі-Мәжнүн» қойылымы.
Фестиваль барысында ТҮРКСОЙ ұйымының кеңесшісі Кемаль Гөз Түркі мәдениетін және өнерін дамыту ұйымының атынан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қызметкерлеріне алғыс хаттар, төсбелгілер және «Алтын Лашын» статуэткасын табыстады. Марапатталғандар қатарында театр артисі Азамат Сатыбалды, шығармашылық жөніндегі директор орынбасары және режиссер Елік Нұрсұлтан, актер Зарина Кармен, сондай-ақ экономикалық және құқықтық мәселелер бойынша директор орынбасары Ғани Әлімбаев, актер Салтанат Бақаева бар.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың арнайы жүлдесімен Әзірбайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театры мен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры марапатталды.
Бұл фестиваль өзара мәдени алмасу мен театр өнерін дамытуда маңызды қадам болды, көрермендерге ерекше әсер сыйлап, халықаралық сахнада қазақ театрының мәртебесін көтерді.