Есепті кезеңге 978 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 42 пайызға өсті.
Жыл соңына дейін көрсеткішті 1 миллион 360 мың шаршы метрге жеткізу көзделуде.
Дегенмен, халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік өзекті болып тұр.
Әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 51 мыңнан асты.
Мәселені шешу үшін 4 830 пәтерлі 92 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Ал, жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 604 пәтер сатып алу қарастырылып, бүгінде оның 1 240-ы алынды.
Сонымен қатар, жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасына бөлінетін қаржыны 2 есеге арттырып, кемінде 400 отбасыға жеңілдетілген несиелер беруге 8 млрд теңге қаржы бөлінді.
Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен 392 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілді.
Одан бөлек, «Отбасы банктің» тұрғын үй бағдарламалары арқылы 1 666 азаматты кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.
Жалпы есепті кезеңге 2 004 азамат әлеуметтік тұрғын үймен қамтылып, жыл соңына дейін қосымша 1 270 пәтер беріледі.
Көлік инфрақұрылымын дамыту
Өздеріңіз білетіндей мегаполис болғалы көлік саны жыл сайын артып келеді. Ресми түрде тіркелген көліктер саны 460 мыңнан асты. Одан бөлек, облыс аумағынан күн сайын 100 мыңға жуық көлік қатынайды. Бұл қаланың жол инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіруде.
Мәселені шешу мақсатында, биыл бюджеттен бөлінген қаражат көлемін 13,2 млрд теңгеге ұлғайтып, 60 млрд теңгеге жеткіздік (2023 ж. – 46,8 млрд тг.).
Бірінші кезекте қаланың транзиттік өткізу қабілетін арттыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Оңтүстік айналма жолдарының құрылыстарына басымдық бердік.
Бүгінде 16 шақырым болатын Оңтүстік айналма жолы пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін А-2 айналма жолының 3,7 шақырымын толығымен аяқтап, 15,4 шақырымына асфальт төселіп, көліктердің жүруіне жағдай жасалады.
Жалпы жоспар бойынша құрылысы басталған 384 шақырым жолдың, биыл 286 шақырымы пайдалануға беріледі (2023 ж. – 232,7 шқ).
Жыл соңында, жақсы жолдардың үлесі 71 пайыздан 75 пайызға артатын болады.
Өкінішке орай, ауыр жүк көліктері жолдарға жүктеме түсіріп, жолдың тез бұзылуына әсер етіп отыр.
Сондықтан, бірінші кезекте қалаға кіретін 3 негізгі бағыттағы көшелерге рұқсат етілген салмақтан артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылады. Осындай жүйелер келешекте қалған бағыттарға да орнатылатын болады.
Биыл алғаш рет барлық көше желісіне ревизия жүргізіліп, цифрлық паспортизациядан өткізілді.
Нәтижесінде, көшелер саны 4 199-дан 6 714-ке дейін, ал ұзындығы 3 248 шақырымнан 3 899 шақырымға дейін ұлғайды.
Одан бөлек, көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 238 бағдаршам интеллектуалды көлік жүйесіне қосылуда.
Сонымен қатар, көп жылдан бері өзекті болып келген Шымсити, Тұран шағын аудандарының көше қиылыстарына 38 бағдаршам орнатылады.