Сауран аудандық мәслихатының депутаты Серікбай Оразбеков: «Ел аманатын адал орындап келемін»

Қоғам пікірін дөп басу, айтылған сынды түзетуге септесу –депутатқа артылған жүктің бірі. Халық қалаулысы аталған бағытта жұмыс жасау арқылы мемлекеттің дамуына, жергілікті биліктің тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізері анық. Сауран ауданында да жемісті нәтиже көрсетіп, әлеуметтік мәселені көтеруде белсенді депутаттар аз емес. Сауран аудандық мәслихатының депутаты Серікбай Орынбекұлы Оразбеков осындай белсенді азамат қатарында. Жуырда депутатпен сұхбаттасып, өзекті мәселелер төңірегінде ой-пікірін білген едік.

– Серікбай Орынбекұлы, әуелі өз өмір жолыңызға тоқталып өтсеңіз! Қай өңірде дүниеге келгеніңізден бастап, қай салада еңбек атқарғаныңызды және жеткен жетістіктеріңізді қамтып өтсеңіз?

– Мен 1976 жылы, 12 қарашада Теке ауылында дүниеге келдім. 1993 жылы Теке ауылындағы Н.К.Крупская атындағы мектепті озат оқушы қатарында бітіріп шықтым. 1995 жылы қаламыздағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетіне қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі, филолог маманы бойынша оқуға түсіп, 2000 жылы бітірдім. Алғаш еңбек жолымды 2000 жылы Түркістан қаласындағы №13 Ә.Науайы атындағы жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі болып бастадым. 2001 жылы аудандық «Жас маман-2001» байқауында бас жүлде, облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауында бас жүлде алдым. 2002 жылы аудандық «Жыл мұғалімі-2002» байқауында І орынға ие болдым. 2004 жылы аудандық «Жыл сынып жетекшісі-2004» байқауында бас жүлде алсам, сол жылы аудандық Пәндік олимпиададан І орын алып, облыстық олимпиадаға жолдаманы жеңіп алып одан облыстық Пәндік олимпиададан ІІ орынды жеңіп алдым. Сол жылы 2004 жылы директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып тағайындалдым. Арада үш жыл өткенде менің оқушылардан құрған КВН командам Астана қаласында өткізілген КВН жарысында бас жүлдені жеңіп келдік. 2009 жылы жұмыс орнымды ауыстырып, Түркістандағы №22 мектепке қосымша білім беру педагогы қызметіне орналастым. Көкшетау облысына арнайы бағдарламамен шақырылып, №1 Егіндікөл орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі болдым. 2012 жылы Көкшетау қаласында облыстық ғылыми конференцияда ғылыми жұмысымды қорғап, І орын алдым. 2013 жылы Тараз қаласында өткізілген Республикалық ғылыми конференцияда «Оқушыларды ҰБТ-ға дайындаудың тиімді әдіс-тәсілдері» атты жеке жұмысым үздік 10 жұмыс қатарына енді. Облыстық педагогтар ұйымының «Оратор педагог» атағы берілді. 2013-2015 жылдар аралығында №1 Егіндікөл орта мектеп директоры қызметін атқардым. 2015-2016 жылдар аралығында Егіндікөл ауданы білім бөлімі басшысы қызметін атқардым. Содан туған ауылыма қайта оралып 2016-2018 жылдары Түркістан қаласындағы №10 Ә.Фараби атындағы орта мектебінің директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып еңбек еттім.

– Серікбай Орынбекұлы, білім саласында үлкен жетістіктерге жеткен екенсіз. Сонда депутаттыққа қалай келдіңіз?

– 2018 жылдан бері өзімнің жеке кәсібімді бастап, «Жібек-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, әрі бас директорымын. Қазіргі таңда үш компанияның басын біріктіріп, елге беделді қызмет атқарып келемін. 2023 жылдың 19-наурызынан бастап Сауран аудандық мәслихат депутатымын. Осы күннен бастап, «Кәсіпкерлік және аграрлық саланы дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану» тұрақты комиссиясының төрағасымын. 2024 жылдың наурыз айынан бастап, «АМАNАТ» партиясы Сауран ауданы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болып тағайындалдым. 2024 жылдың тамыз айында Сауран ауданының Қоғамдық Кеңестің төрағасы болдым. Жанұямда жұбайым екеуіміз 3 ұл, 2 қызымызды өнегелі тәрбиелеп отырған үлгілі, абыройлы отбасымыз.

– Серікбай Орынбекұлы, қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуде депутаттық мандаттың нендей көмегі бар деп ойлайсыз?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін, әуелі депутат ұғымының анықтамасы қандай екеніне тоқталу керек шығар. Меніңше, депутат – халық сенім білдірген және өзі де белсенді жұмыс істеуге ынталы адам. Сондықтан мандат иесі үшін сенім, оның ішінде халықтың сенімі маңызды рөл атқарады.

Өзіңізге белгілі, депутаттардың жұмысы заңмен реттеледі. Құқығымен қатар міндеттері де бар. Сауран аудандық мәслихатының VIII шақырылымдағы депутаты ретінде депутаттық мандатқа ие болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтқым келеді. Мен депутаттық мандатымды – сайлауалды бағдарламада айқындалған жоспарлар мен халық алдында берілген уәделерді орындау үшін берілген мүмкіндік деп есептеймін. Бұл бағытта аянып қалып жатқан жоқпыз. Аудандық мәслихаттағы әріптестерімізбен бірге түрлі мәселелерді көтеріп, тұрақты комиссия отырыстары мен сессияларда ұсыныстар айтып, пікір білдіріп, депутаттық сауалдар жолдап келеміз. Жергілікті атқарушы орган біз ұсынған мәселелердің бірде бірін назардан тыс қалдырған емес. Мұны атқарушы орган мен өкілді орган арасындағы үйлесімді әріптестік байланыстың көрінісі деуге болады.

– Өзіңіз сайланған ауылдық округтің қандай өзекті мәселелерін шешуге елдің аманатын алдыңыз және оны қалай шешудесіз?

– Қазіргі таңда жасыратыны жоқ ауылдық елді мекендерде шешімін табуға тиісті шаруалар бастан асады. Кезегін күткен өзекті мәселелер өте көп. Барынша дұрыс жағынан шешілуге ықпал жасап жатырмын. Мысалы, Теке елді-мекенін қақ жарып өтетін Қарашық өзенінің арнасын тазарту ең бір күрделі мәселе болатын. Себебі, биылғы су тасқыны кезінде Қарашық арнасының ішіне өскен жыңғылдар және біраз жылдан бері жинақталып қалған қоқыстар судың деңгейін көтеріп жіберді. Осындай жағдай қайталанбас үшін, өзеннің арнасын тазарту жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бес шақырымы тазарды. Енді 2-3 шақырымы тазартылады. Тағы өзекті мәселелер жаңадан түскен көшелердің асфальттануы еді. Қазіргі таңда ауылымызда 90% дай көшелері асфальттанған. Мазаратқа баратын жолды жөндеу жұмыстары жасалды. Су тасқынынан зардап шеккен бес үйге көмек көрсетілді. Бетондарының сырты қапталып, дуалдарына темір тартпа тартылды. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр.

– Өзіңіздің тікелей араласуыңызбен қандай жобалар жүзеге асырылуда?

– Менің тікелей бақылауыммен жастардың спортпен шұғылданатын ғимаратын толық жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды. Жалаңтөс ауылындағы орталық мешітке жылу жүйесін орнатып бердім. Ашадағы салынып жатқан жайлы мектеп құрылысын қадағалап отырмын. Осымен үш рет барып жұмысшылармен кездестім. Қазіргі таңда жаңа мектепке баратын жол асфальттеніп, жаяу жүргінші жолы түсті. Жаңа аялдамалар салынды. Жалаңтөс ауылына жаңа медбекет салынуда. Енді балаларға ойын алаңшаларын салу жоспарлануда. Атқарылған жұмыс көп, атқарылар жұмыс одан көп.

– Осы мезгілге дейін қанша депутаттық сауал жолдадыңыз?

– Халық арасында көріп жүрген немесе кездесулерде айтылған өтініш бойынша осы кезге дейін 21 депутаттық сауал жолдадым. Оның 15-і шешімін тауып, 6-уы шешілу үстінде.

– Қазіргі қоғамдағы үлкен наразылық туғызатын жайдың өзектісі ол ауылдықтардың көптен бері өзіне жеке баспана салу үшін жердің берілмей келе жатқандығы? Осы мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

– Осы мәселе мені де қатты толғандырады. Қаншама жас отбасы қалаға барып, жалдамалы пәтерде тұруға мұқтаж. Соның септігінен ауыл адамдары саны кемуде. Осыны жою мақсатында жұмысты бастағаныма біраз уақыт өтті. Ауылда жер алуға кезекке тұрған тізім бар. Заң бойынша ол тізім бұзылмай, кезекпен берілу керек. Бірақ, ол тізім дұрыс құрылмаған. Ондаған жыл бұрын арыз жазған кейбіреулерінің өздері өтініш тастағандары есінен шығып кеткендері де бар. Сондықтан сол тізімді арнайы әкімшіліктің мамандарымен бірлесіп отырып, анықтау жұмыстарын ұйымдастырып жатырмын. Сол тізімді анықтап, дұрыстығын сараптаған соң, инфрақұрылым жағын ұйымдастырып, жер беруді бастауымыз керек. Сонда ауыл жастары үй салып, өз ауылында тұрып, ауылдың көркеюіне қызмет етер еді.

– Жайылымдық, суармалы жердің қайтарылуына қандай ықпал еттіңіз?

– Бұл тарапынан мемлекет деңгейінде жақсы жұмыстар жүргізілуде. Біздің ауданымызда да біраз жерлер мемлекет еншісіне қайтарылып жатыр. Бұған әрбір азаматтың үлесі бар деп ойлаймын.

– Ауданның дамуына қатысты алдағы уақытта қандай ұйымдастыру шараларын атқару қажет деп ойлайсыз?

– Менің ойымша ең бірінші аудан экономикасын көтеру қажет. Кәсіпкерлікке мемлекеттік тұрғыда күшті қолдау көрсетіліп аудан экономикасы көтеріліп жергілікті бюджетке қомақты қаржы түсе бастаса, барлығымызды толғандырып отырған өзекті мәселелер өз ретімен шешіле бермек. Ол үшін жеке кәсіпті дамыта отырып, осымен қатар рухани байлығымызды да жаңғыртуымыз керек. Саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелеуімізге бар күш-жігерімізді төгуіміз керек.

– Серікбай Орынбекұлы, қоғамдық кеңес жұмысының негізгі бағыттары қандай? Қоғамдық кеңес азаматтық қоғамды қалыптастыру жолында қандай қызметтер атқарып отыр?

– 2024 жылғы 6 тамызда Сауран ауданының Қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өткізіліп, №1 хаттамаға сәйкес – Қоғамдық кеңестің төрағасы, төралқа мүшелері, комиссия төрағалары мен мүшелері, Қоғамдық кеңестің Ережесі бекітілді. Аудандық Қоғамдық кеңестің жеке құрамына тоқталсам: жалпы 15 (14 ер азамат, 1 әйел азаматшасы) кеңес мүшесінің 4-уі үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, жеке кәсіпкерлер – 4, бюджеттік мекеме қызметкерлері – 4, мемлекеттік органнан – 1, депутаттар – 2. Кеңес мүшелерінің барлығы – жоғары білімді азаматтар. Жас құрамы бойынша: 18-34 жас арасында – 1 адам, 35-59 жас арасында – 9 адам, 60 жастан жоғары – 5 адам.

Сондай-ақ, аудандық Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда.

Осы кезге дейін қоғамдық кеңестің 11 отырысы өтіп, онда өзекті мәселелер қаралды.

Аудан, қалаларда санитарлық тазалық, көгалдандыру, қоқыс тастайтын полигондардың жағдайына мониторинг жұмыстарын жүргізу тапсырылған болатын. Осыған орай, 2024 жылғы 12 қыркүйекте Сауран ауданының Қоғамдық кеңесі жанынан арнайы комиссия құрылып, Шаға ауылдық округінде атқарылған жұмыстарға мониторинг жүргізілді.

Сауран аудандық Қоғамдық кеңесі жұмысының ашықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында – «Фейсбук» әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашылып, атқарылған жұмыстармен бөлісуде. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың ресми сайтында арнайы «Қоғамдық кеңес» айдары ашылып, атқарылған жұмыстардың барысы сонда орналастырылуда.

Жалпы Қоғамдық кеңестің мақсаты бұл – азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелері бойынша пікірін білдіру болып табылады. Міндеттеріне – азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

– Қазіргі таңда өзіңізді қатты толғандыратын жайлар мен алдағы арман мақсатыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Мені қатты толғандырып жүрген жайым, ауылдардағы жастар мен жас отбасыларының жұмыссыздық және тұрмыстық жағдайына қатысты қалаға кетіп қалуы. Депутат болардың алдында өзіме сөз берген едім. Егер депутат болсам, ауыл жастарын ауылда алып қалуға жағдай жасауым керек деген едім. Жәй-жәй сол жайларды кезең-кезеңімен шешуге атсалысып келемін. Егер ауылдан жастар кетіп қалса, ол ауылдың қарқынды дамуы екіталай. Себебі, «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Жастарда жаңа идея, жаңа күш, жаңа мүмкіндік жеткілікті. Біз соны тиімді пайдалана білуіміз керек. Ал, алдағы арман, мақсатыма тоқталсам, ең бастысы халықтың сенімін ақтау. Егер де елің үшін, халқың үшін пайдалы нәрсе істемесең, істеуге талпынбасаң-ол азаматтық емес. Әрбір шаңырақ жақсы өмір сүрсе, соны сезінсең, міне бақыт. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Серікбай Орынбекұлы, салиқалы сұхбатыңызға үлкен рахмет. Ел аманатын абыроймен атқара беруіңізге тілектеспін.

Сұхбаттасқан Ләззат САРЫБАЕВА.
Yassy-tur.kz

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...