Мүгедектігі бар жандарға сапалы білім беру мәселесі талқыланды (видео)

Елімізде мүгедектігі бар азаматтардың сапалы білім алуына мүмкіндіктерді кеңейту қажет.

Бүгін осы мәселе Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңес отырысында жан-жақты қаралды. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны артқан. Ал, жоғары оқу орындарына түсіп жатқандарының үлесі аз. Бұл бірқатар кедергілердің барын байқатады. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев кәсіби және жоғары білім алуға барынша жағдай жасалуы тиіс, — деді. Еңбек нарығын да мүгедектігі бар жандардың қажеттіліктеріне сай бейімдеу қажет. Елімізде 2012 жылдан бері мемлекеттік білім гранттарының 1 пайызы осы санатқа арналып келеді. Алайда, Палата Спикерінің айтуынша, бұл шара жеткіліксіз. Кеңесте сөз алған сарапшылар ерекше қажеттілігі бар адамдардың сапалы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты өз бастамаларын ұсынды. Алдағы уақытта олардың барлығы зерделеніп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданады. Кеңестің бұған дейінгі отырыстарында ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамту, оңалту сияқты мәселелер қаралған болатын.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
— Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев елімізде инклюзивті қоғам құру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Сенат жанынан инклюзия жөніндегі кеңестің құрылуы осы жолдағы маңызды қадамдардың бірі. кеңес мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік қолдау көрсетуге ықпал етуді көздейді. Бүгін мүмкіндігі шектеулі жандарға сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету ісіне кеңінен тоқталамыз деп жоспарлап отырмыз. осындай кешенді жұмыс Қазақстанда инклюзивті орта қалыптастыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз.

Ләззат Қалтаева, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы инклюзия кеңесінің төрайымы:
— Бүгінгі отырыс нәтижесі бойынша жасалған қорытындының бірі — инклюзивті білім берудегі халықаралық тәжірибеге сай, ғылыми зерттеулерге негізделген бірыңғай әдістеме әзірлеу. Сапалы білім беру үшін бізге қажет етілетіні осы. Екінші мәселе — кадрларды даярлау. Жаңа мамандықтарды енгізу жайы қосымша пысықталып жатыр. Себебі мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істейтін педагогтардың талапқа сай практикалық білімі болуы керек. Одан кейін, мектептердегі білім сапасы мәселесі қаралды. Бұл болашақта адамның жоғары оқу орнына түсуге қабілеттілігін анықтайды. Қазір квотаның толық игерілмей отырғаны орта мектептегі білім сапасының толыққанды еместігін аңғартады.

Айта кетейік, қазір елде 725 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрып жатыр. Олардың 232 мыңы ерекше білім беруді қажет етеді. Сенат Төрағасы олардың бәрі лайықты білім алуға құқылы екенін тілге тиек етіп, аталған мәселеде түйіні тарқатылмаған түйткілдер барын еске салды. Бұл, ең алдымен, кәсіптік және жоғары білім алуға қатысты болып отыр.

© «24kz» телеарнасы

x

Check Also

Түркістан облысында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Ел Президентінің ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...