Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы, ректор Болат Тілептің бастамасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, Түркістан облысының педагогтері үшін дәрістер ұйымдастырылған болатын,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл меморандум аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша қолданысқа берілетін мектептерге ауыстырылатын басшылар мен мұғалімдерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағытында онлайн форматта «Пәндерді оқытуда мұғалімдердің метапәндік құзыреттерін жетілдіру» тақырыбындағы пән мұғалімдері үшін, 23-27 қыркүйекте мектеп басшылары үшін «Білім берудегі революция: заманауи мектеп менеджментіне жаңа көзқарас» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсының 1-кезеңі өтті. 28 қазан мен 1 қараша аралығында курстың 2-кезеңі университет базасында офлайн форматта жалғасты.
Мақсат – мектеп басшыларының білім беру мекемесін басқаруда, пән мұғалімдерінің метапәндік құзыреттіліктерін қалыптастыруда теориялық білімдері мен практикалық дағдыларының деңгейін арттыру.
Курстың І кезеңінде тыңдаушылар ғылыми-теориялық ақпараттармен танысып, практикалық тапсырмаларды орындау арқылы тәжірибе жинақтады. ІІ кезеңде курсқа қатысушылар университеттің профессор-оқытушылар құрамының дәрістерімен қатар университеттің оқу-зертхана базасымен танысып, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары М.Мелдебекованың «Білім сапасын қамтамасыз етудегі бағалау мен бақылау жүйелері», Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Р.Қаратабановтың «Орта білім беру мазмұны: басымдықтары мен іске асыру тетіктері» тақырыбындағы дәрістерін тыңдады.
Алматы қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолданысқа берілген тұңғыш мектеп №97 мектеп-гимназиясының, заманауи үлгіде салынған, жоғары білім сапасын көрсетіп жүрген №206 мектеп-гимназиясының, инклюзивті білім беру жүйесі жақсы жолға қойылған № 200 мектеп-гимназиясының іс-тәжірибесімен, материалдық базасымен танысты.
1 қарашада курсты аяқтаған 41 тыңдаушыға сертификаттар табысталды.