IT мамандарымыздың жобасы әлемдік конференцияда таныстырылды (видео)

Калифорнияның Сан-Франциско қаласында әлемдік стартап жасаушы, IT мамандардың басын қосқан ірі конференция өтті, деп хабарлайды 24KZ. Silkroad Innovation Hub ұйымдастырған Орталық Еуразияның павильонында 24 инновациялық стартап таныстырылды. Олардың арасында қазақстандық жобалар да бар. Қарыштап дамып жатқан технология саласында отандастарымыздың қандай жаңалықтары бар?

10 мыңнан астам қатысушыны жинаған TechCrunch Disrupt конференциясы биыл Орталық Азия стартаптары үшін маңызды алаңға айналды. Орталық Еуразияны АҚШ нарығында біртұтас технологиялық аймақ ретінде ілгерілететін Silkroad Innovation Hub осы конференцияда ең үлкен павильонды ұйымдастырып, аймақтық стартаптарға жасанды интеллект, климат өзгерісі, медицина, қаржы салаларындағы шешімдерін таныстыруға мүмкіндік берді. «Silkroad Innovation Hub – Орталық Азияның бес елі, сонымен қатар Әзербайжан, Грузия, Моңғолия және Түркияны біріктіретін әлемдегі жалғыз хаб», – дейді жоба негізін қалаушы.

Әсет Абдуалиев, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы:
— TechCrunch Disrupt-пен серіктестік біз үшін маңызды оқиға болды. Өткен жылы біз Орталық Еуразиядан алғашқы серіктес болып, 14 стартапты әкелдік және Сан-Францискода біздің аймақ туралы панельдік сессия өткіздік. Биыл 24 стартапты таныстырып, конференцияда ең үлкен павильон ұйымдастырдық. Бір жылдың ішінде біздің хаб Кремний алқабында 80-нен астам резидентті жинап, 30 миллион доллардан астам венчурлық инвестиция тартты және 200-ден астам іс-шара өткізді, 10 мыңнан астам қатысушы болды. Бұл көрсеткіштер өсіп жатыр, бұл біздің аймақтың үлкен әлеуетін және Кремний алқабында оған деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді.

Қазақстандық жобалардың арасында балалар ойын-сауық орталықтары мен дамытушы үйірмелерге жазылым сервисі, медицинадағы нанотехнологиялар мен жасанды интеллект қолданатын жоба, климат өзгерісі және ормандарды кесуге қарсы стартап, ақылды дауыстық хабарламалар платформасы, нарықты жылдам зерттеуге арналған сарапшылар қолдайтын жасанды интеллект көмекші, веб-қосымшаларды орналастыруға арналған бұлтты платформа, автотұрақты оңтайландыруға арналған платформа, сондай-ақ автоматты прокторингпен онлайн оқыту және білімді бағалау жүйесі бар.

Ерсұлтан Жусукинов, Call2Action негізін қалаушы:
— HR «собеседование» өткізбейді. Жасанды интеллект маңызды сұрақтарды кандидатқа қояды. Екі интервью жарты сағат болсын, 20 минут болсын, жасанды интеллект сұрап, сосын ары қарай сізге есеп жібереді.

Central Eurasia павильонында Орталық Азиядан келген стартаптар түрлі инновацияларды ұсынды. Олардың арасында өзбекстандық жобалар да өз инновацияларын таныстырды, олардың ішінде елдегі ең үлкен цифрлық экожүйе, электронды коммерция, жедел жеткізу, банк қызметтері, финтех және бизнес дамытуды ұсынатын сервистер бар.

© «24kz» телеарнасы

x

Check Also

Сарыағашта «Жайлы мектеп» жобасымен 900 орындық қос мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Ел Президентінің ...

Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүріп жатыр

Түркістан облысында құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 343 млрд. теңгеге жетіп, өсім 131 пайызды құрады. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, ...