Білім сапасын көтереміз десек…

Өзім зейнеттегі кәсіби педагог болғандықтан, бір құлағым білім саласына түрулі жүреді. Әсіресе әр жылдағы ҰБТ-ның көрсеткішін көріп, білім саласындағы өзгерістерге қатты алаңдаймын. Жалпақ әлемді құрсаған пандемияның да мектептегі оқу үдерісіне кері әсерін тигізгенін білеміз.

Қазір қоғамда «оқушы­лардың білім сапасы неге төмен, бала неге кітап ұстағысы келмейді, олардың білімін қалай көтереміз?» деген сұрақтар өзекті мәселеге айналып отыр. Біздіңше, бар проблема осында секілді. Бір жағынан, балалар санасында білімге деген қажеттілік, соған ынталандыратын ұстанымның жоқтығы да бар. Өйткені оқушы білімнің неге қажет екенін бастауыш сыныптан зерделеуі керек. Ал біздің білім жүйесінде сол қажеттілікті оқушыға сезіндіріп, ынта-жігерін арттыратын ынталандыру тетігі бар ма? Шындығын айтсам, жоқ дер едім. Қайта, ақылға сый­майтын қатаң тәртіптер арқы­лы баланы білім алудан жи­рен­діріп келеміз. Мысалы, кітап бетін ашпайтын оқушыға «үш» қойып сыныптан-сыныпқа сүй­­реуде не мағына бар? Кез келген жағымсыз қылық жеткіншек санасына тез жұққыш келеді. Бүгінгі мектепте кітап оқымайтын балалар қатары өскенінің бір себебі осы.

Осы жерде нақты бір мысал келтірейін. Мәселен, 2018 жылы еліміз бойынша 11-сы­ныпты 147 мыңнан аса оқушы бітірген. Соның 75 пайызы яғни 102 мыңнан астам оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Әйтсе де бұл балалардың 14 пайызы, яғни 14633 оқушы шектік деңгейге жете алмаған. Ал енді ойланып көрейік. Жалпы мектеп бітірушілердің 25 пайызы, яғни 45 мыңдай оқушы білім сенімсіздігіне байланысты ҰБТ-ға жіберілмеген. Ал ҰБТ-ға қатысқан балалардың 14 пайы­зы, яғни 14633 оқушы шектік деңгейге жетпеген. Бұларды да білім деңгейін үлгермеген деп, ҰБТ-ға жібермегендерге апарып қоссақ, барлығы 39 пайы­з, яғни 60 мыңға жуық бала мектеп бағдарламасын толық меңгермеген болып шығады. Бұл нағыз сорақы нәтиже емес пе? Сонда бұл осыншама жас өмірін мектепте босқа өткізді деген сөз ғой.

Шындығына келгенде, қиюы қашқан бұл мәселені тек Оқу-ағарту министрлігі ғана шешеді. Нарық қатынасын негізге ала отырып, білім беру жүйесін қайта құрмай болмайды. Біздіңше, балалардың оқуға ынтасын кө­терудің бір жолы – аталған министр­лік «9-сыныптан кейін 10-11 сыныпқа мектепте тек 4 пен 5-ке оқығандар ғана өтеді», деген бұй­рық шығарса, сонда ата-ана да, оқушы да соған қарай іс қылар еді. Ата-ана баласының оқуын бастауыш сыныптан бас­тап қадағалайды. Жеткіншек те сабақты жақсы оқымаса, 9-сыныптан кейін одан әрі оқуын жалғастыруға жол жоқ екенін іштей сезінеді. Тіпті үлгерімі, тәртібі нашар балаларды өз сыныбында қалдырсақ, сол оқушы «мен қатарымнан неге қалдым?» деп іштей намыстанып тез есейер еді. Бір жағынан, баласы үшін ата-ананың жауапкершілігі артады.

Сондықтан Оқу-ағарту министр­лігі оқушының білім сапасын көтеру бойынша жүйелі реформа жүргізу керек. Осы жерде 10-11 сыныпқа, тек 9-сынып­ты төрт пен беске оқығандар ғана өтсе деген ұсыныс айтар едім. Сонда біз жастардың оқуға ынтасын арттырып, оқушының білім сапасын көтеретін маңызды қадамға жол ашамыз. Ал үл­ге­рімі орташа жеткіншектерді тех­­никалық училище немесе кол­­леджде оқытып, екі жылда толыққанды кәсіп иесі етіп шығар­ғаны­мыз дұрыс. Мәселен, Еуропа елдерінде жастардың 70-80 пайызы арнаулы орта орындарында білім алады. Жоғары оқу орнына 20-25 пайыз жастар ғана түседі. Сонда да олар көштен қалмай, өр­кениетті елдің алды болып отыр. Ал біз балаларды жиі өбектейміз. Олар­ды өбектеп, жағдайын жасай берсек, ертең шолжаң, кер жалқау қалыпта өседі.

Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе: мектеп мұғалімдері өз санаты бойынша әр бес жыл сайын білім бөлімдерінен ат­тестациялық комиссиядан өтеді. Мәселен, осы комиссияны мектеп ішінен құруға болады. Айталық, адамгершілігі мол, білікті, білімді, тәжірибелі 30-40 педагог әр мектепте бар. Сондай ұстаздардан комиссия құрып, олар жыл бойы мұғалімдердің саба­ғына қатысып, оның нәтижесін тоқсан сайын қорытындылап, жыл соңында әр ұстаздың біліктілік санатын анықтап, жалақысын көтерсе, қанекей. Өйткені материалдық игілікті нақты еңбегіне қарай бөлу кім-кімді де қызықтырады. Ме­ніңше, мұғалімдерді іс-әрекетке, ізденіске итермелеудің ең ұтымды жолы осы.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың тапсырмасымен соңғы жылдары техникалық және ауылшаруашылық ма­мандықтарына грантты көбірек бөлуге маңыз беріліп отыр. Осы ретте сан емес, сапа жағына мән беріп, кәсіби мамандық беруді қолға алсақ, жастар проблемасы біршама азаяар еді. Осылай жет­кіншектерді өз қабілеті мен біліміне қарай өмірге ерте бейім­делуге үйретеміз.

Бердалы РЫСБЕКОВ,
ардагер ұстаз, Келес ауданының құрметті азаматы
«Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Түркістан облысында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Ел Президентінің ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...