2026 жылы мектептердегі барлық пәнге жасанды интеллект элементтері қосылады, деп хабарлайды 24kz.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, отандық білім беру жүйесінде цифрландыруды енгізудің алғышарттары қалыптасқан. Бұл тұста «мұғалімнің орнын техника баса ма?» деген орынды сұрақ туындайды.
Альмира Оразбай, тілші:
— Қазіргі цифрлық заманда түрлі платформалар дамып жатыр. Оны әрі қарай да өрбіту қажет. Мәселен Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылы білім бағдарламасына жасанды интеллектіні енгізуді жоспарлап отыр. Ол арнайы стандартқа сай әр пәннің мазмұнына қарай әзірленуде.
Руслан Қаратабанов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті:
— Жасанды интеллектінің ең басты алғышарты – инфрақұрылым. Ол кәдімгі компьютерлік техниканы талап етеді, қолжетімді интернетті талап етеді. Сонымен қоса мектепте оқушылар да, мұғалімдер де жұмыс істейтін түрлі гаджеттерді талап етеді. Қазір мектептердің барлығы иә, жабдықталған, иә, ол жақсарып келе жатыр. Келесі ол – мұғалімнің өзінің цифрлық дағдылары.
Иә, алғышарттардың бастапқысы осы. Оқушының да, мұғалімнің де цифрлық дағдылары болуы керек. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық білім академиясы арнайы әдістемелік құрал дайындаған. Бұған қоса, интернеттің де болуы маңызды. Қазір желіні іске қосу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде білім ордалары, жылдамдығы секундына 75 мегабит интернетпен қамтылған. Ал 1800-ден астам мектепте «Старлинк» спутнигі жұмыс істеп тұр.
Азамат Жұмахмет, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті:
— Қазіргі таңда Ұлттық академия методикалық құралдар дайындады, мектептерге таратылды. Методикалық құралды дайындау алдында біздер зерттеу өткізгенбіз, «Мұғалім әрбір сабақ кезеңіне қанша уақыт жұмсайды?». Сол жерде тегін ЖИ-дің құралдарын қалай қолдануға болады, проминжениринг дейді, соны қалай жасап, қалай керек ақпаратты алуға болатынын жазғанбыз.
Жасанды интеллект қазіргі таңда тек жеке мектептерде кеңінен қолданылады. Ал мемлекеттік мектептердің көбінде мұндай тәжірибе жоқ. Мәселен мына жеке оқу ордасында 53 қазақ және орыс сыныбы бар. Мыңнан астам оқушы білім алады. Жаңа оқу жылынан бастап мұндағы пәндерге жасанды интеллект элементтері енгізілген.
Ержан Әуезов, информатика пәнінің мұғалімі:
— ChatGPT-ге осындай запрос жазуға болады мысалы информатика пәні мұғалімі ретінде «маған осындай тақырыпта, осындай мақсаттармен, осындай есептермен жоспар жазып бере аласын ба?» деп жазып береді. Сол кестені жүктеп алып, соны қолдануға болады сабақта.
Оқушылардың айтуынша, жасанды интеллектіні қолдануда ешқандай кедергі болмаған. «Керісінше, оның тиімді тұсы көп», — дейді.
Тайыр Қалдыбаев, оқушы:
— Оқушылар сырқаттанып немесе басқа себептермен оқу жүйесінен қалып қойса, онда бұл тұста да жасанды интеллектінің тиімділігі бар. Мәселен ChatGPT секілді платформаларда кез келген пәнге байланысты ақпаратты алуға болады. Яғни ол мұғалімнің ассистенті ретінде жүреді. Бізге білім бағдарламасын жасанды интеллект арқылы қабылдау қиынға соқпайды.
Алдағы уақытта алдымен пайдалануға берілетін «жайлы мектептерде» жасанды интеллектіні қолданудың пилоттық жобасы іске қосылады. «Ол сәтті жүзеге асса, онда өзге де оқу ордаларына енгізіледі», — дейді академияның вице-президенті.
Азамат Жұмахмет, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті:
— Жасанды интеллект ол мұғалімнің орнына келген зат емес, ол мұғалімнің көмекшісі. Мұғалім сол ЖИ қолданып өз уақытын тиімді жұмсай алады. Бұрын егер мұғалім сағаттап уақыт жұмсайтын болса, қазір 5 минуттың ішінде өзіне керек плакаттар тақырып бойынша презентация дайындап бере алады. Сыныпта мысалы 25-30 баладан, сондықтан әрбір балаға персоналды түрде ақпарат беріп оқыту үшін өте тиімді.
Қазір креативті немесе өндірістік саладағы көптеген жобада жасанды интеллектінің элементтері бар. Ал оны қолдана алмаған мектеп түлегі болашақта жұмыссыз немесе бәсекеге қабілетті болмай қалуы мүмкін. Мұның алдын алу үшін ведомство осындай жоспар құрып, маңызды қадамға барғалы отыр.
© «24kz» телеарнасы