Түркістанда мерекеге орай тағы бір «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды

Бүгін Түркістан өңірінде мерекеге орай 17-ші «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі жыл бұрын облыс орталығында дәл осындай алғашқы нысан пайдалануға берілген болатын. Орталықтың қызметіне зейнеткерлердің арасында сұраныс жоғары болуына байланысты биыл сәуір айында қаладағы «Бекзат» тұрғын алқабынан №1 филиалы ашылса, бүгін «Отырар» тұрғын алқабынан №2 филиалы қызмет көрсетуге дайын. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды ардагерлерді қуанышты сәтпен құттықтады.

– Сіздерді бүгінгі Халықаралық қарттар күнімен, мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құтттықтаймын! Қазыналы қарияларымыз Тәуелсіздігіміздің нығаюына, жастардың жүрегіне отаншылдықты сіңіруге үлкен үлес қосып келеді. «Қариялар – ырыс пен ынтымақтың қайнар көзі», дейді дана халқымыз. Облысымызда ардагерлеріміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында әр түрлі бағытта жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының маңызы зор. Бүгінгі таңда 15 ауданда орталық ашылып, 80 мыңға жуық зейнеткер тиісті қызметтермен қамтылуда. Бүгін өздеріңізбен бірге киелі шаһарда үшінші орталықты іске қосып отырмыз. Үлкеннің жолы, ағалық ақылы – асыл қазынамыз. Өмірден көргені мен түйгені көп ақсақалдарымызды ардақтау – басты парызымыз. Сіздердей аға буынның мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан үлесі зор. Әсіресе, қайта жаңғырған Түркістан облысының жаңа тарихында да игі істеріңіз жазылатыны анық. Баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.

Орталықтың ашылу салтанатында шаһардың ақсақалдары ақ батасын беріп, мемлекеттік қолдауға ризашылықтарын білдірді. Өңір басшысы ардагерлермен кездесіп, пікірлерін тыңдады. Орталықты аралап көріп, жұмысына сәттілік тіледі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.02.2021 жылғы «Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №47 бұйрығына сәйкес өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарын ашу тапсырылған. Негізгі мақсаты – ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Орталықтарда күнделікті 60-70 зейнеткер, ал айына 120-150 адам қызметтерді пайдаланады. Жыл басында 3480 адамға қызмет көрсету жоспарланып, қазіргі таңда 2240 зейнеткер қамтылған. Орталықта қарияларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық және өзге де көмектер көрсетіледі. Қарттардың алаңсыз тынығып, салауатты өмір салтымен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.

x

Check Also

Туркестанскую область с начала года посетили более 700 тысяч гостей

Туркестанскую область за 9 месяцев 2024 года посетили более 700 тысяч гостей. Об этом сегодня сообщил руководитель Управления туризма Туркестанской ...

Түркістан облысына жыл басынан бері 700 мыңнан астам қонақ келген

Түркістан облысына 2024 жылдың 9 айында 700 мыңнан астам қонақ келген. Бұл жайында бүгін Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет ...