Түркістанда бокстан түркі мемлекеттерінің «Алтын белбеуі» сарапқа салынды

Түркістан қаласындағы «OLYMPIC CENTER» спорт кешенінде Түркі мемлекеттерінің қатысуымен бокстан 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында «WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық турнирі өтті. Халықаралық турнир Түркі мемлекеттері арасында алғаш рет Қазақстанда, оның ішінде қасиетті Түркістанда ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен ұйымдастырылды.

Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, Түркі мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастық пен достықты арттыруға арналған халықаралық турнирге бауырлас мемлекеттерден келген мәртебелі меймандарға және спортшыларға облыс халқы атынан алғысын білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Бокстан жасөспірімдер арасындағы «WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық турнирі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бастамасымен қасиетті Түркістанда ұйымдастырылуда. Бауырлас Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерінен келген спортшыларымызға осы сапары ерекше есте қалады деген ойдамын. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Сондықтан бүгінгі халықаралық турнир ынтымағымызды бекемдей түседі деп ойлаймын. Түркі мемлекеттерінің рухани құндылықтарының сақталуын қалаймыз және әрдайым қолдау білдіруге дайынбыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

Жарыс жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бауырлас түркі мемлекеттері арасында ынтымақтастықты нығайту, спортшылардың кәсіпқой бокста шеберлігін шыңдау, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының түркі мемлекеттерінің мәдениетін рухани жаңғырту бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының өкілдері, даңқты спорт ардагерлері де қатысып, жастарға ақ баталарын берді.

Дүбірлі сынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерінен спортшылар қатысып, іріктеуден өткен 15-16 жастағы өрендер 46 келі, 52 келі, 57 келі, 63 келі, 70 келі, 75 келі, 80+ келі салмақ дәрежелері бойынша сынға түсті. Нәтижесінде Мірсәбит Арман (Қазақстан), Руслан Русланов (Қазақстан), Оразалы Көбей (Қазақстан), Мұхаммедқадыр Абдуманнапов (Қырғызстан), Асылбек Абдусамадов (Өзбекстан) және Ислом Салихов (Өзбекстан), Бобомурод Боймурзаев (Өзбекстан) турнир жеңімпазы атанды. Қазақстандық Мірсәбит Арман жарыстың ең үздік боксшысы атанып, арнайы марапатталды.

Түркі тілдес елдердің әділқазылары төрелік еткен сайыста әр салмақ дәрежесіндегі турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйақы мен арнайы белбеу иегері атанды. Чемпиондарға «WBC AMATEUR TURKSOY» белбеуі, медаль және ақшалай сыйақы берілсе, жүлдегерлерге медаль мен ақшалай сый табысталды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда, Түркістан облысындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріндегі бокс бөлімдерінде 6 мыңнан астам бала қатысып, оларға 400-ге жуық жаттықтырушы күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...