Түркістан: Жетісай ауданында ұстаздар ұлықталды

Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет, себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді, Өмірге ұрпақ беретін аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім.

Жетісай қаласындағы «Алпамыс батыр» атындағы №8 жалпы орта мектебінде «Мұғалімдер күні» мерекесіне арналған салтанатты жиынға Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық білім бөлімі басшысының м.у.а Шоқан Адайбеков, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сакен Досымов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Махамбет Айтбай мен Түркістан облысы білім басқармасының мамандары Зүбайра Алтаева, Лаура Медетова мектеп директорлары, мұғалімдер мен ардагер ұстаздар қатысты.

«Ұстаз – қай заманда болмасын қоғам дамуының негізгі тетігі саналатын қасиетті де қастерлі мамандық. Өйткені, мұғалімнің берер білімі мен өнегесінсіз адам баласының жеке тұлға ретінде қалыптасуы, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарих пен тағылымды оқып білуі әсте мүмкін емес. Міне, сондықтан да болар соңғы жылдары елімізде педагогика саласының мамандарына мемлекет тарапынан ерекше қамқорлықтар жасалып, мәртебесін биіктету шаралары қызу қолға алынған. Ұстаздар мен оқушылардың заман үдерісінен шеттеп қалмай өз бетінше ізденуіне, білімі мен біліктілігін арттыруына мүмкіндігінше жағдай жасалып, білім ошақтарының материалдық-техникалық базалары жақсаруда. Нәтижесінде, білім мен ғылымға қызығушы қазақстандықтардың қатары артқан» деген аудан әкімі құрметті мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.

Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамытып, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығарып жүрген ұлағатты жандардың ерен еңбектері ескеріліп сый-құрметке бөленді. Биіктерді бағындырып, білім бәсекесіне қабілетті шәкірттерді тәрбиелеп жүрген 170-ке жуық тәжірибелі ұстаз аудан әкімі Серік Үсенұлының, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаровтың, аудандық білім бөлімі басшысының м.у.а Шоқан Адайбековтың алғыс хаттарымен марапатталды. 22 ұстаз білім саласының жоғары марапаты «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері атанды.

Салтанатты шара барысында аудан өнерпаздары мен мектеп оқушылары концерттік бағдарламаларын ұсынып, көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әуелете ән салып, күмбірлете күй төкті. Мың бұрала би билеп, Жетісай аспанын шаттыққа бөледі.

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...