«Түркістан дауысы – 2024» – болашағы зор жоба

Биыл төртінші рет ұйымдастырылған «Түркістан дауысы – 2024» жас орындаушылар байқауы мәреге жетті. Шығармашыл, дарынды жастарды анықтау, өнерге қолдау көрсету, рухани және мәдени құндылықтарды арттыру мақсатында өткізіліп, дәстүрге айналып келе жатқан өнер додасын ерекше, болашағы зор жоба деп бағалаған жөн.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 18-35 жас аралығындағы 18 жас дарын Түркістан аспанын екі күн бойы әнге бөлеп, өнер сүйер қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады. Байқаудың алғашқы күнінде сайыс үміткерлері байқау шартына сәйкес халық әндері мен халық композиторларының және елімізге танымал сазгерлердің әндерін орындады. Үміткерлер қатарында бұрыннан түрлі сайыстарға қатысып, сахна сырын меңгерген дарындар да, өнердің қия жолына енді ғана қадам басқандар да бар.

Байқаудың екінші күнінде жастар өздерінің жүрегі мен табиғатына жақын қазақ және шетелдік әндерді вокалды-аспапты ансамбльдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады. Келешегі мол бұл байқаудың қазылық құра-мында еліміздің танымал өнер жұлдыздары Маржан Арап-баева, Бағлан Омаров, Қайрат Баекенов, Мархаба Сәби, Қайрат Мырзахан, Әділет Байтанат, Мейіржан Алиакбаров болды. Және бәрі дерлік сахна төрінде ән салып, түркістан-дық қауымды «Қонақ кәделерімен» бір серпілтіп тастады.

Байқау қорытындысында бас жүлдеге ие болған Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Құсмұрын ауылының тумасы, бала кезінен өнерге құштар болып жан-жақты білімін дамытқан, «X FACTOP», тағы басқа да халықаралық байқаулардың жеңімпазы Айдар Жазықпаев сайыстың алғашқы күнінде халық композиторы Естайдың әні «Қорланды» жоғарыда атап өткеніміздей өзгеше аранжировкамен және ансамбль сүйемелдеуімен жақсы орындап, қазылар алқасының төрайымы, белгілі эстрада әншісі Маржан Арапбаева тарапынан жоғары бағаға, көрермендердің де қошеметіне ие болды. Түркістанға тұңғыш рет келген сапарынан алған жылы әсері, сайысқа түскен әріптестері туралы жылы лебізін білдіріп, қуанышымен бөлісіп жатты.

Жүлделі 1-орынды Маңғыстау облысының намысын қорғаған Луиза Нұрқуатқызы еншіледі. Жүлделі 2-орын Алматы облысынан келген Үби Досжанға бұйырды. Ал, Түркістан облысынан қатысқан Ерік Төленов пен Мейірімхан Назарханов, қарағандылық Қуандық Шалқарұлы, Жетісу облысынан Ақбота Сабыржанова байқау дипломанттары атанды. Шиеленісті өткен ән байқауында 3-орын Солтүстік Қазақстан облысының үміткері Әбілдә Махамбетәліге бұйырды.

«Бұлақ көрсең – көзін аш» деген халық даналығы. Түркістан облыстық әкімдігінің бастамасымен, облыстық мәдениет басқармасының және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен бірнеше жылдан бері жүйелі өткізіліп келе жатқан «Түркістан дауысы – 2024» жобасының басты мақсаты да жаңа, жас өнер дарындарын үлкен сахнаға шығару, әлемге таныту, шеберліктерін шыңдау. Түркістанның даңқын асқақтатып, өнерге, ұлттық құндылықтарды дамыту, туристік әлеуетін арттыру. Әрі кешегі өткен байқауда ұйымдастырушылар мақсат биігіне жеткендей. Қ.Р тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілген «Түркістан дауысы» байқауында түркістандық жас дарын Айзада Әлімбек, одан кейінгі жылдарда алматылық Алмагүл Батталиева мен Абай облысының дарын иесі Ербол Нариманұлы бас жүлдеге ие болған екен. Мәселен, байқауға қатысуға өткен жылы 52 үміткер өтінім берсе, биыл бұл көрсеткіш 100-ге өскен. Демек, жыл өткен сайын аталмыш жобаның аясы кеңіп, танымалдылығы артып келеді. Демек, іс-шараны ұйымдастырушы ресми орын өкілдері, жалпы өнерге қатысы бар жандар болсын, түркістандық көрермен болсын, ұлттық өнеріміздің дамуына ықпал ететін бұл игі іске үлесімізді қосуымыз керек.

«Конгресс холл» салтанатты сарайының төрінде алыстан ат арытып келіп, тегін өнер көрсетіп жатқан, тіпті шақырып келтіре алмайтын танымал жұлдыздарымыз ән салғанда, көрерменнің аздығы көңілді құлазытты. Бұл көрініс те қазылар алқасының назарынан тыс қалмады. Қазақтың қаны дарыған мінезді өнер иесі Маржан Арапбаева: «Менің айтқым келіп тұрғаны, мынадай конкурсты тамашалайтын адам көп болу керек қой. Зал лық толы болу керек. Мұндай концерттер күнде бола бермейді. Алтынды қолда барда бағалау керек» – деп сөз арасында айтса да, көпшілікке ой тастап кетті. Ертеректе «Медеу» мұз айдынында талантты өнер жанашыры Мурат Иргалиевтің ұйымдастыруымен өтетін «Азия дауысы», «Жас қанат» байқауларын телеарнадан көріп қызығушы едік. Кешегі күні өткен «Түркістан дауысы – 2024» жобасының дауысы да қыр асып, аясы кеңейе түсетін әсер қалдырды.

Дереккөз: Yassy-tur.kz

x

Check Also

Жолдау: Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүріп жатыр

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласындағы қордаланған ...

Сарыағашта «Жайлы мектеп» жобасымен 900 орындық қос мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Ел Президентінің ...