Шымкентте жаңа автобустар мен газ станциялары іске қосылмақ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «2024 жылдың 9 айында жолаушылар тасымалы саласында атқарылған жұмыстар туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Шымкент қаласында жолаушыларды тасымалдау қызметі тұрақты дамуда. Бүгінгі таңда 80 бағытта күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдайды. Бұл маршруттарға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетуде. Қала бойынша автобустардың жалпы саны 1150-ге жетті: 44 автобус 3 жылға дейін, 1090 автобус 5 жылға дейінгі мерзімде жұмыс істесе, 7 жылдан асқан көліктер саны – 16.

Қоғамдық көліктердің барлығы GPS трекерлерімен жабдықталған, бұл қызметтің сапасын бақылауды қамтамасыз етеді. Автопарктің 615 автобусы сығымдалған газ-метанды қолданса, 535 автобус дизель отынымен жұмыс істейді. Қаладағы көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында екі газ толтыру станциясы қызмет көрсетіп отыр, ал жыл соңына дейін «Shymkent Bus» автопаркінде үшінші газ станциясы іске қосылмақ. Бұл жаңа станция қаладағы газбен қамту мәселесін түбегейлі шешеді деп күтілуде.

Әлеуметтік маңызы бар маршруттар да назардан тыс қалмаған: 77 бағыт осы санатқа кіріп, жергілікті бюджеттен 33,2 млрд теңге субсидия бөлінді. Сонымен қатар, биыл тасымалдаушы компаниялар өз автопаркін жаңартуды жалғастырды: 19 жаңа автобус сатып алынды, ал «Shymkent Bus» 200 жаңа автобус алуға «Өндірістік даму қоры» АҚ-нан мақұлдау алды. Жыл соңына дейін кезең-кезеңімен 100 автобус жеткізіледі деп жоспарлануда.

Бұл шаралар Шымкент тұрғындарына қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттыруға бағытталған.

Қалада қоғамдық көлік қызметі жаңарып, жолаушыларға жеңілдіктер енгізілуде
Шымкент қаласының қоғамдық көлік қызметін дамыту мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында маңызды өзгерістер енгізілді. Енді тасымалдаушыларға қойылған талаптарды бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 1,5%-дан 3%-ға дейін ұлғайды. Автобустардың аялдамаға тоқтамауы немесе кестеден 15 минутқа кешігуі/ерте келуі автоматтандырылған жүйе арқылы бақылауда. Жыл басынан бері бұл шаралар қала бюджетіне 424,5 млн теңге үнемделуіне септігін тигізді.

Қала тұрғындарының сұранысына байланысты жаңа маршруттар ашылды. «Тұран», «ШымСити», «Нұртас», «Ақжайық» шағын аудандары арқылы өтетін №3 айналма маршрут пен «Оңтүстік» шағын ауданындағы №4 маршрут іске қосылды. Сонымен қатар, 22 маршруттың қозғалыс сызбалары өзгертіліп, жолаушылар ағынының өсуіне байланысты 17 маршруттың қозғалыс кестесі кеңейтілді. 9 маршруттың жұмыс уақыты түнгі 23:00-ге дейін ұзартылып, тұрғындардың түнгі уақытта қала ішінде қолайлы жүріп-тұруы қамтамасыз етілді.

2024 жылдың 1 мамырынан бастап, 14 әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығы берілді. Бұл жеңілдік 319 мың тұрғынды қамтиды. Жеңілдік карталарын алу үшін қалада төрт арнайы пункт ашылды.

Шымкент қаласында 2335 аялдама орны бар, оның 838-і жаңа типтегі аялдамалар. Бұл өзгерістер жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Шымкентте қоғамдық көліктегі төлемдердің 97%-ы электронды форматқа көшті
2024 жылдан бастап Шымкент қаласының қоғамдық көліктерінде қолма-қол төлем қабылдау жүйесі толығымен жойылып, тек электронды төлем түрлері ғана қолданылады. Бұл шешім жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға және көлік жүргізушілерінің назарын жол қозғалысына толық аударуға бағытталған маңызды қадам.

Қазіргі таңда жолаушылардың көпшілігі қоғамдық көлікте жол ақысын қолма-қол төлеуге мәжбүр болып жатады. Бұл, өз кезегінде, жүргізушілердің көлікті басқару кезінде ақша жинаумен айналысуына себеп болып, олардың назарын бөледі. Осының нәтижесінде жүргізушілер тек көлікті жүргізіп қана қоймай, қолма-қол ақшаны қадағалаумен айналысады, бұл жағдай кейде жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар, қолма-қол төлемдерді талап ету жолаушылар мен жүргізушілер арасында жанжал туғызатын жағдайлар аз емес.

2024 жылдың алғашқы 9 айында Шымкенттегі қоғамдық көлікке қатысты «І-Көмек» орталығына және қала әкімінің ресми парақшасына 12 мыңнан астам шағым түскен. Оның ішінде жүргізушілерге қатысты 6 мыңнан аса шағым тіркелген, олардың басым көпшілігі — 3 351 шағым — жолаушылардың қолма-қол төлем жасауға мәжбүрлеуіне байланысты болған.

Толық видеоны мына сілтемеден көре аласыздар: https://www.facebook.com/share/v/i7svnkJE9deJvwYX/
x

Check Also

Шымкентте Орталық Азия елдерінің ix халықаралық театр фестивалі мәресіне жетті

6-11 қараша аралығында Шымкент қаласында өткен Орталық Азия елдерінің IX халықаралық театр фестивалі биыл Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық ...

Работа по охвату населения в системе ОСМС усиливается

В Шымкенте состоялось заседание штаба по охвату населения обязательным медицинским страхованием под председательством первого заместителя акима города Куаныша Асылова, сообщает ...