Шымкент: Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын арттырды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Жылыту маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

2024 жылғы 16 тамызда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А. Кәрімовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша қалалық комиссияның отырысы өтті. Іс-шара барысында маңызды мәселелер талқыланып, тиісті органдарға тапсырмалар берілді.

2024 жылғы 1 қазаннан бастап елімізде жылыту маусымы басталды. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін 4 өрттен топтық адам өлімі тіркеліп, 17 адам, оның ішінде 6 бала қайтыс болды. Атап айтқанда, 2024 жылғы 11 қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында 5 бала қайтыс болған қайғылы оқиға орын алды. Бұл отбасы әлеуметтік осал топтар тізімінде тұрған.

Осы оқиғалардың алдын алу және тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында келесі шаралар жүзеге асырылды:
• Әлеуметтік желілерде 138 ақпараттық материал, бұқаралық ақпарат құралдарында 34 жарияланым шықты.
• Қала аумағында 150 рет дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
• 3812 қатты отынмен жылытылатын тұрғын үй араланып, 7 мыңнан астам адамды қамтитын түсіндіру жұмыстары өткізілді.
• 1500 оқушыны қамтитын 42 интерактивті сабақ ұйымдастырылды.

Әлеуметтік жағдайы төмен 2222 отбасыға үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 8714 адамға жадынама парақшалары таратылды. 334 отбасы қайта араланып, 89 үйге газанықтағыш құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ, 80 үйдің түтін мұржалары тазартылған. Жеке кәсіпкерлермен және әкімдіктермен меморандум арқылы 125 газанықтағыш құрылғылар сатып алынған.

Шымкентте жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігіне арналған акция өткізілуде
2024 жылы Шымкент қаласында жылыту маусымының басталуына байланысты «Өрт қауіпсіздігі айлығы» акциясы өткізілуде. Бұл шара аясында тұрғындарға өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Акция барысында әлеуметтік осал топтағы отбасылар, табиғи газға қосылмаған жатақханалар, және қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлер араланып, олардың қауіпсіздік жағдайы тексерілді.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жылыту маусымы кезінде өрт қауіп-қатерлерінен қорғану үшін келесі ұсыныстарды орындауды ұсынады:
1. Түтін құбырлары мен пештерді күйеден тазалау: Жылыту маусымы басталар алдында және жылу беру маусымы кезінде түтін мұржаларын кемінде үш айда бір рет тазалаңыз.
2. Электр сымдарын тексеру: Тозған немесе уақытша схема бойынша жүргізілген электр сымдарын ауыстырып, олардың жағдайын бақылаңыз.
3. Электр желілерін жүктемеу: Үйді жылыту үшін стандартқа сай емес электр құралдарын қолданбаңыз және электр желісін шамадан тыс жүктемеңіз.
4. Пештерді дұрыс пайдалану: Пешті қатты қыздырмаңыз, үстінде жанғыш материалдарды кептірмеңіз.
5. Ауланы тазарту: Аулаңызды жанғыш қоқыстардан тазалаңыз және күлді жинау үшін қауіпсіз орын әзірлеңіз.
6. Балаларды қараусыз қалдырмау: Балаларды ересектердің бақылауынсыз қалдырмай, қауіпсіздік шараларын түсіндіріңіз.

Бұл шаралар тұрғындарға жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін сақтауға және ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

Шымкентте газдан уланудың алдын алу шаралары күшейтілді: 21 мыңнан астам үй тексерілді
Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының Газ техникалық инспекция бөлімі мен «Шымкент қаласының Газ техникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Бұл шаралар қала тұрғындарын газбен улану қаупінен қорғауға және газ жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттілігін түсіндіруге бағытталған.

2024 жылдың басынан бері басқарма тарапынан: 44 көшпелі жиын және 39 кездесу, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 58 мақала, пост және брифинг жарияланып, 67 800 дана жадынама таратылған.

Сонымен қатар, газдан улану оқиғаларына сүйене отырып, қала бойынша қызыл және тәуекел аймақтар анықталып, алгоритм бойынша арнайы жұмыстар жүргізілуде.

Сондай ақ, қалада газ техникалық инспекция бөлімі газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарын бұзған 89 тұлғаны жауапкершілікке тартты. Жалпы айыппұл сомасы 332 АЕК (1 225 744 теңге). Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 19-бабы бойынша, газ жабдықтарының иелері олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда әкімшілік шаралар көзделген.

Шымкент қаласының Газ техникалық инспекциясы тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді

Толық видеоны мына сілтемеден көре аласыздар: https://www.facebook.com/share/v/nBPt2Tk5e9hq6TrZ/

x

Check Also

В Туркестанской области проведены профилактические лекции с участием 48 тысяч молодых людей

В актовом зале Департамента полиции Туркестанской области проведен Координационный совет правоохранительных органов с участием акима области Дархана Сатыбалды. В мероприятии ...

Түркістан облысында 48 000 жастың қатысуымен профилактикалық дәрістер өткізілген

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында есірткінің заңсыз айналымына қатысты мәселелерді талқылау мақсатында Үйлестіру кеңесі өтті. Оған облыс әкімі Д.Сатыбалды ...