Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында Шымкент қаласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2024 жылға 21,8 млрд теңге қаржы бөлініп, құны 14,1 млрд теңге болатын 3664 жобаға қолдау көрсетілді.
2024 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 132,1 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық. Жалпы, жыл басынан бері 3 656 жаңа шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ашылған.
Сонымен қатар 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында шағын және орта кәсіпкерлік арқылы өндірілген өнім көлемі 699 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,3%-ға артқан.
Тартылған инвестицияның қала экономикасына әсері
Шымкент 2018 жылы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болып, дамудың жаңа тарихи кезеңіне енді. Бүгінде Шымкент – Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан қаласы. Соңғы 5 жылда қала экономикасына 2,2 трлн теңге инвестиция тартылып, инвестиция көлемі 3,7 есеге өсті.
Қала аумағында орналасқан жалпы аумағы 1276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақта құрылыс материалдары, ауыр металлургия, шыны өндірісі, машина жасау, жиһаз өндірісі, фармацевтика және тоқыма өнеркәсібі саласында жалпы құны 225 млрд теңгені құрайтын 8,5 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, 293 жоба іске асырылды. Оның ішінде ірі жобаларға тоқтала кететін болсақ: «Тассай» индустриялық аймағында машина жасау саласында Орта Азияда баламасы жоқ жалпы құны 20,1 млрд теңгені құрайтын «Asia Trafo» ЖШС-ның трансформатор зауыты 2019 жылы құрылды. Сондай-ақ еліміздегі ең ірі кілем өндіретін зауыт «Бал Текстиль» ЖШС «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жобасын сәтті іске асырып келеді. Одан бөлек, «Оңтүстік» индустриялы аймағында орналасқан «QazAlpack» зауыты – Орталық Азиядағы алюминий қалбырлар өндіру бойынша бірегей жобаны іске асырған алғашқы компания.
Аталған жобалар қала бюджетіне 60,3 млрд теңге қаржы түсіріп, өнеркәсіптік аймақтарға кеткен 1 теңге бюджеттік инвестицияға 12,5 теңге жеке инвестиция тартылды. Cондай-ақ қаланың өнеркәсіптік өнім көлемі 1,9 есе өсті.
Дереккөз: primeminister.kz