Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы №166-НҚ бұйрығына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының (бұдан әрі – ӘМАТ) тізбесі бекітілген.
Шымкент қаласында жыл басынан бері ӘМАТ бағасы 1,5%-ға төмендеп, баға индексі 98,5%-ды құрайды. Айналым механизмі аясында қарыз қаражат беру және форвардтық шарттар түзу, тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкелерін өткізу, делдалдық қызметті шектеу шараларын ұйымдастыру арқылы нәтижеге қол жеткізілді.
Жергілікті бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлініп, бүгінгі таңда 70-ке жуық сауда орындарында ӘМАТ нарықтан төмен белгіленген бағада сатылып келеді. Сонымен қатар ұн, жұмыртқа, нан, күнбағыс майы және ет (сиыр еті, тауық еті) өнімін өндіруші кәсіпорындармен келісім-шарттар түзіліп, бекітілген сауда орындарында тауар өндіруші бағасымен сатылуда.
Оның ішінде:
• ірі сауда желілері «Magnum» және «Gramad»;
• халықтың тығыз орналасқан аймақтарында орналасқан үй маңындағы дүкендер;
• сиыр етін өндірушілер «Каскасу-С», «Байтерек» және «Алтын төбе» шаруа қожалықтары;
• көкөніс тауарын өндіруші шаруа қожалығы «Колесников»;
• нан пісіруші наубайхана ЖК «Темиршиков NAN ONIMDERI»;
• ұн өндірушілер «Дос» ЖШС, ЖК «Урунбеков М.Л.», ЖК «Анарметов»;
• тауық еті мен жұмыртқасын өндірушілер «Қайнар құс» ЖШС және «Аймар құс», «КазКом Агро» ЖШС;
• күнбағыс майын өндіруші ЖК «Урунбеков М.Л.»;
• күнбағыс майын, құмшекер, күріш өнімдерін жеткізуші «Торговый дом Мейр Трейд» ЖШС.
Қала тұрғындарын күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларымен нарықтан 10-15% төмен бағада қамтамасыз ету мақсатында жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтарының қатысуымен апта сайын қаланың 8 жерінде тұрақты түрде жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді.
Құзырлы мекемелермен арнайы комиссия құрылып, дистрибьюторларға хронометраждық зерттеу жүргізе отырып, делдалды және де электронды шот-фактуралар арқылы жеткізуші мен тұтынушы арасындағы тауарлардың бағасын анықтап, 15%-дық шекті сауда үстеме мөлшерінің сақталу талаптары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар 568 кәсіпкерлік субъектінің электронды шот-фактураларына талдау жүргізіліп, 382 сауда субъектісі 15%-дық шекті сауда үстемесін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ӘМАТ-ның бағасын негізсіз өсірмеу және 15%-дық шекті сауда үстеме деңгейін асырмау жөнінде, сауда орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жалпы қала аумағында азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ, ӘМАТ-ның бағасы тұрақты бақылауда.
Дереккөз: primeminister.kz