Креативті индустриядағы Түркістанның білім көшбасшылары

Креативті индустрия – XXI ғасырдың ең өзекті бағыттарының бірі, ол қоғамның мәдени, әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі ықпал етеді. Креативті индустрияның негізі білім беру жүйесінде қаланады, себебі шығармашылық пен жаңашылдықты дамыту, жастарды ойлауға және өз идеяларын жүзеге асыруға үйрету – ұстаздардың басты міндеті.

Түркістан қаласы – өзінің тарихи-мәдени байлығымен қатар, білім саласындағы көшбасшыларымен де танымал. Бүгін біз Түркістанның төрт ұстазы: Айгүл Жақсыбекқызы, Қанат Жұмабаев, Мұхтар Маннапов және Гұлнар Өтеуова туралы сөз қозғаймыз. Олардың креативті индустрияны дамытудағы еңбектері – бүгінгі ұрпақтың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған. Сондықтан ел тарихындағы елеулі мереке «Ұстаздар күнінде» Түркістанда жұмыс істеп, білім жолында аянбай қызмет еткен аяулы жандармен тереңрек таныса түсейік.

Айгүл Жақсыбекқызы – Түркістан қаласының білім ордаларында ұстаздық етіп келе жатқан тәжірибелі педагог. 1995 жылдан бері білім саласында 29 жыл қызмет етіп келеді. Бүгінде оның оқушылары қалалық, облыстық, республикалық байқау жүлдегерлері, шәкірттері жоғары оқу орнын бітіріп, бүгінде беделді маман иелері атанған. Айгүл Жақсыбекқызы сабақтарында оқушыларға білімді тек механикалық түрде емес, терең ойлауға, шығармашылықпен қарауға бағыттайды. Ол оқушыларды түрлі конкурстар мен байқауларға белсенді түрде қатысуға шақырады. Шәкірттері қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі сайыстарда жүлделі орындарға ие болып, білімнің ғана емес, өнердің де биігінен көрінеді. Айгүл Жақсыбекқызы өз сабақтарында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің терең мәнін жеткізіп, шәкірттеріне Абай Құнанбаевтың: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген даналығын жеткізіп, ұстаздық жолдың қаншалықты қадірлі екенін көрсетеді. Қазіргі таңда, Айгүл ұстаз 5 ұл тәрбиелеп өсірген бақытты ана, немере сүйген аяулы әже.

Қанат Жұмабаев – 17 жылын білім беру саласына арнаған, оқушылардың қоғамдық белсенділігін арттыруда үлкен рөл атқаратын аға тәлімгер. Ол шәкірттерінің бойында лидерлік қасиеттерді қалыптастыруға, өздерінің пікірін айтуға және шешім қабылдауға үйретеді. Қанаттың жетекшілігімен жұмыс істейтін «Жас Қыран», «Жас Ұлан», «Адал Ұрпақ» секілді ұйымдар, балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуда зор маңызға ие. Ол жастарды еліміздің болашағына жауапкершілікпен қарауға, креативті ойлауды дамытуға, қоғамдық жұмыстарға қатысуға шақырады. Қанат Ибрагимұлының ұйымдастыруымен өткізілетін түрлі дебаттар мен пікір-сайыстар, шәкірттердің білімін шыңдап, әлеуметтік мәселелерге көзқарастарын кеңейтеді. Ол «Сыр сұхбат», «Дара жол» бағдарламаларын өткізу арқылы ұстаздардың еңбегін бағалап, жастарды рухани байлыққа тәрбиелейді.

Мұхтар Маннапов – математика пәнінен сабақ беріп, шәкірттерінің математикалық дағдыларын дамытуда зор еңбек сіңірген ұстаз. Оның педагогикалық қызметі барысында шәкірттері халықаралық, республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанған. Мұхтар ұстаздың сабақтарында тек есеп шығару ғана емес, математиканың логикасы мен шығармашылығын да дамытуға мән беріледі. Ол математика пәні мұғалімдерінің шығармашылық тобында белсенді қызмет етіп, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыруда еңбек сіңірді. Оның шәкірттері жоғары көрсеткіштерге ие болып, өздерінің математикалық шығармашылықтарын республикалық дәрежеге дейін дәлелдеді. Ол білімнің тереңдігі мен шығармашылықтың байланысын шәкірттеріне көрсетіп, креативті ойлаудың негіздерін дарытуда аянбай атсалысты.

Гұлнар Өтеуова М.Маметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектептің директоры. Оның ұйымдастыру қабілеті мен даналығы, мәдениеттілігі мен ізеттілігі әрқашан мектеп ұжымына дем береді. Гұлнар Өтеуова ұстаздық жолын 1985 жылы мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеші мамандығы бойынша тәмамдап, кейін 1993 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірді. Ол 1988 жылдан бастап ұстаздық қызмет етіп, 2007 жылдан бері мектеп директоры болып қызмет атқаруда. Гулнара Кумиртаевна білім сапасының артуына зор үлес қосып, өз қызметінде шығармашылықпен айналысатын ұжым мақтанышы. «Оның алдағы уақытта да талай белестерді бағындыратынына сеніміміз мол» – дейді мектеп ұжымы.

Түркістан қаласы өзінің тарихи маңызы мен мәдениетімен қатар, білім беруде креативті индустрияны дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Жоғарыда біз тоқталып өткен ұстаздардың барлығы – ел дамуына үлес қосқандар. Олар шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашып, болашақта креативті индустрияда өз орындарын табуға көмектесуде. Ұстаздар – қоғамның қазынасы, болашақтың іргетасын қалаушылар. Олардың еңбегі тек біліммен шектелмей, жастардың рухани, мәдени, шығармашылық дамуына бағытталған. Түркістанның білім көшбасшылары, бүгінгі және болашақ ұрпаққа рухани мұра қалдырып, қоғамның дамуына үлкен үлес қосуда. Осы орайда, ұстаздар күні қарсаңында барлық білім беру ұйымдарындағы мұғалімдерге шығармашылық табыс тілей отырып, айтулы мереке «Ұстаздар күнімен» құттықтаймыз!

Дереккөз: Yassy-tur.kz

x

Check Also

Жолдау: Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүріп жатыр

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласындағы қордаланған ...

Сарыағашта «Жайлы мектеп» жобасымен 900 орындық қос мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Ел Президентінің ...