Халық емі дәстүрлі медицинаға бет бұрмақ

Шымкентте Қазақстанның гирудотерапевтер қауым­дастығы, Гирудомед клиникалар желісі мен Оңтүстік Қазақ­стан медициналық академиясының ұйымдастыруымен «Жалпы тәжірибелік дәрігерлердің емдеу ісіндегі халықтық медицина» атты тақырыбында гирудотерапевтердің ІХ халықаралық конференциясы өтті.

Ғылыми басқосуда Гиру­домед медициналық орталығы желісінің ди­ректоры әрі Қа­зақстан бойынша гирудотера­певтер қауым­дастығының төр­айымы, сүлікпен емдеуші дәрігер С.Серікбаева ковид пандемиясынан кейін адамдардың көпшілігінде пост­ковидті синдром қалып қойғанын жеткізді. Оның басты белгісі – қанның қоюлануы, соның салдарынан түрлі кесел пайда болады. Ал сүліктің құрамындағы гирудин сол қоюланған қанды сұ­йылтатын қасиетке ие. Сон­дық­тан емханалардағы жалпы тәжі­рибелік дәрігерлер халықтық ем­ге де көңіл бөлгені дұрыс деген пікір айтты. Сонымен бір­ге алдағы уақытта ОҚМА мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да сүлікпен емдейтін дәрігер-ма­мандарды даярлау мәселесін қарастыру қажеттігін мәлімде­ді. Одан бөлек, елімізде халық емшілігінің академиясын ашу ойда бар екен. Оған сонау Қы­тайдан мықты мамандар ша­қыртылмақ. Сондай-ақ С.Серік­баева емханалардағы жалпы­тәжі­рибелік дәрігерлер бала­лар­ды дәрімен емдей бермей, халық емін де қолданып, иммуни­тет­терін көтеруге атсалысулары керек деді. Өйткені химиялық әдіспен жасалатын дәрілік препараттардың кішкентай организм үшін пайдасынан гөрі зияны көп көрінеді.

Конференцияда халық ем­шілігі саласында еңбек етіп жүр­ген тәжірибелі мамандар мен ғалымдар сөз сөйлеп, оның артықшылықтары туралы айтып берді. Мәселен, медицина ғылымдарының докторы, Ресей мен бүкіл әлемде ең бірінші гирудотерапия кафедрасын аш­­қан ғалым А.Крашенюк сүлік­тің көмегімен постковидті син­дром­нан толық айығуға болатынын баяндады. Оның айтуын­ша, ковид ауруы бірінші орталық жүйке жүйесін, ондағы тамырларды зақымдайды. Мидағы серо­тониннің бөлінуін тежейді. Серотонин – бақыт гормоны. Сондықтан оның азаюы адам­ды депрессияға алып келе­ді. Ал уайымшылдық пост­ко­видтік синдромның ең бас­ты белгісі екен. Сүлік мидағы серотониннің дұрыс бөлінуін қалпына келтіреді. Ғалымның мәлімдеуінше, қансорғыш құрт­пен мидағы ісікті де тежеуге бо­лады. Мәселен, невринома де­ген кеселдің жалғыз емі – гамма пышақпен немесе ашық операциялық әдіс арқылы ми­дағы ісікті алып тастау. Ал сү­лік невриноманың үлкеюін тоқ­татып, ісікті өсірмей ұстап тұ­рады. Ғалым бұл жәндіктің бір­­­неше қасиеті барын айтты. Ол қан сұйылтады, антибактериал­ды, вирусқа, паразитке қарсы емдік күші бар. Антибиотик­тер адам ағзасына кері әсер етсе, сондай-ақ қайта-қайта қабылдай беру де оның микробтарға қар­сы күшін азайтады, сүлікте ке­­рі­сінше антимикробтық қуаты ешқашан төмендемейді әрі адам ағзасы оған үйреніп қалмайды. Ғалым қызықты бір оқиғаның болғанын баяндады. Бір науқас бала кезінде талма ауруына ұшы­рап, 11 жыл қатарынан күш­ті дәрілер қабылдаған. Оған сүлік салғанда, құрттар шеті­нен өле берген. Сөйтсе, ұзақ жыл іш­кен дәрілерден кейінгі токсиндер қанға өтіп, сүліктер содан қырыла берген. Алайда халық емін тоқтатпай жалғастырып, бойдағы токсиндер толық жо­йылғанда сүліктер де өлуін тоқ­­татқан. Сондықтан ағзаны ток­син­дерден тазарту үшін сүлік салдырып тұру керек деді профессор. Ғалым болашақ нәресте энцефолопатия, яғни миында ақаумен туылмас үшін анасы құрсақ көтерер алдын сүлікпен емделудің курсынан өтіп алған жөн деген кеңес берді.

Жиында баяндама оқыған тағы бір маман А.Иманғалиева халық емінің көмегін ауыр нау­қасты аяғына тұрғызғанын мәлім етті. Дәрігердің айтуынша, оның клиникасына плеврит, яғни өкпесіне су жиналған науқас ауыр халде көмек сұрап келген. Ол мемлекеттік ауруха­нада бірнеше рет жатып, тиісті антибактериалдық ем түрлерін қабылдаған. Бірақ еш­қандай нәтиже бермепті. Дәрі­гер пациентті сүлікпен, ара­мен емдеп, бір ай ішінде өкпе­сінде жиналған 150 мл суды то­лық кетірген. Қазір науқас жұ­мысқа шығыпты, бірақ кли­ни­каның бақылауында екен. На­уқас сүлікпен қоса прополис, гүл тозаңын, ара сүтін ішкен. Прополис ол – табиғи антибиотик. Гүл тозаңында В тобындағы барлық витамин жиналған. Ара сүтінің де емге пайдасы өте зор деді дәрігер.

Хирург, профессор, гирудотерапевт Қ.Жалымбетов адам­ның денсаулығында медици­наның үлесі 8-10 пайыз, қалға­ны оның өз қолында екенін айт­ты. Дегенмен бүгінгі жалпы­тәжірибелік жас дәрігерлер нау­қасты емдеуде ортақ стандартты емдеу протоколынан басқа еш­қандай ем жүргізе алмай­тынын қынжылыспен жеткізді. Ондай ем біреуге жағып, басқаға жақпауы мүмкін. Бірақ оған қазір ешкім бас ауыртпайды. Бүгінгі жас дәрігерлер кел­ген науқасты қолмен ұстап перкуссия, пальпация секілді тә­сілдермен диагнос­тикалауды жасамайтын бол­ған деді ол. Дәрігердің пікірін­ше, оған маман емес, бірінші кезекте соларды даярлаған осы күн­гі медициналық білім мен елі­міздегі қазіргі медициналық жүйе кінәлі екенін баяндады. Дейтұрғанмен ертеңгі күні заңдық жауапкершіліктен басын аман алып қалу үшін де жалпытәжірибелік жас мамандар белгілі бір шаблонның ішіндегі медициналық протоколдан асып қандай да бір емдік шара жүргізуден қорқады. Соған қарамастан профессор жас мамандарға халық емін қолданып көруге мүмкіндік беру керек деген пікір айтты.

Дереккөз: «Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Республика күні Шымкент — мақтаныш пен бірліктің жаңа символына ие болды

Республика күніне орай Шымкентте қаланың көптеген нүктелерінен көрінетін жаңа символ пайда болды. Shymkent City шағын ауданында биіктігі 100 метрлік ту ...

Шымкентте Республика күніне арналған іс-шара өтті

«Tulip hall» ғимаратында 25 қазан — Республика күніне арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті. Қала әкімі Ғабит ...