Түркістанға айналма жол ауадай қажет

Шаһар көлемі ұлғаюына байланысты бұрындары айналма жол ретінде болған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі бүгінгі таңда жаңарған қаланың орталығында қалып қойды. Мемлекет және қалааралық қатынастағы үлкен жүк көліктері, сол секілді өзге де көлік құралдары қала орталығынан өтуге мәжбүр.

Бұл өз кезегінде жергілікті көлік қатынасына едәуір кедергі келтіруде. Тіпті осы маңда жол-көлік оқиғаларының жиі орын алатынын да жасыра алмаймыз. Себебі атап отырғанымыздай тоғыз жолдың торабындағы Түркістанның яғни облыс орталығының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы бұған дейін салынған автодәліздің екі қапталында жағалай салынған.

Осы мәселені шешу мақсатында жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайтын «Самара-Шымкент» автомобиль жолына балама жол ретінде Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Түркістан қаласының шығыс айналма жолы» жобасы әзірленген еді. Дегенмен аталмыш жобаға уақытында қаржы бөлінбей техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттаманың 3 жылдық мерзімі өтіп отыр. Ал уақыт өткен сайын бұл жолмен жүретін автокөліктер мен ауыр жүк көліктерінің саны артып, жол кептелістері көбейіп, бірқатар қолайсыздықтар туындап жатқанын айттық. Соған байланысты қазіргі таңда аталған айналма жолдың техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттамасы-на қайта түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Демек алдағы жылдары айналма жол бағыты «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының бойындағы Ескі Иқан мен «Қазақстанның 30 жылдығы» ауылдарының ортасынан бастап, Түркістан қаласының солтүстік беткейімен айналып, Қызылорда бағытындағы Қарашық өзенінің тұсынан автодәлізге қайта қосылмақ. Бұл мәселе өз шешімін тапса шаһар орталығындағы көлік қатынасы айтарлықтай деңгейде жеңілдейтіні анық.

Мәселе жол төңірегінде өрбіген соң облыс орталығының ішкі көшелерінің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқтала кеткеніміз жөн болар. Бүгінгі таңда жол жөндеу жұмыстары қарқын алған. Атап өтсек, қалада 845 шақырымды құрайтын 875 көше болса, оның 45,4 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар. Ал 54,6 пайызы тас жол.

2024 жылдың жоспарына сәйкес, шаһардағы 47,1 шақырымды құрайтын 45 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, бүгінде оның 41,7 шақырымды құрайтын 40 көшесіне асфальт төселді. Қалған 5,4 шақырым болатын 5 көшеде құрылыс жұмыстары іске асырылуда. Айта кетерлігі, асфальт салу жұмыстары инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталған, топырағы табиғи тапталу кезеңінен өткен көшелерде жүргізілуде. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 45,4 пайыздан 50,3 пайызға өсіп отыр.

Сондай-ақ биыл жол сапасын жақсарту мақсатында қосымша 36,8 шақырымды құрайтын 30 көшеге асфальт төсеу көзделіп, қазір 14 шақырымды құрайтын 10 көшеде орташа жөндеу жұмыстары басталған. Қалған көшелерге толықтай қаржы қаралған жағдайда, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр екен. Осы жұмыстармен бірге, қала аумағындағы инфрақұрылым жүйелерінің (сарқынды су, ауыз су) құрылысы салдарынан зақымдалған 102,6 шақырымдық 154 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Оған қоса биыл қалада 11,9 шақырымдық 11 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде 7,9 шақырымды құрайтын 8 көшеге аяқжол салынып, 4 шақырым болатын 3 көшеде жұмыстар жүргізілуде. Жоспар бойынша аяқжолдар құрылысы қазан айында толық аяқталмақ.

Дереккөз: Yassy-tur.kz

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...