Түркістан: Алғаш рет ерекше қажеттілігі бар азаматтар арасында интеллектуалдық сайыс өтті

Түркістанда алғаш рет ерекше қажеттілігі бар азаматтар арасында «Tez Tap» интеллектуалдық сайысы өтті. Қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» ұйымдастыруымен өткен сайыста түркістандық және Кентау қаласынан келген 60-тан аса қатысушы бақ сынады.

Білім мен тапқырлықты талап ететін шараға қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» басшысы Эльмира Бейсенова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева, қалалық мәслихат депутаты Жәмила Сүлейменова қатысты.

– Негізінде 2 жыл бұрын осы жоба туралы идея келген. Оны жүзеге асырудың сәті бүгін түсіп тұр екен. Осы сайыс арқылы бір-біріңізбен етене танысып, бір сәт көңіл сергітсеңіздер, біз үшін үлкен қуаныш – осы. Жарысқа қатысуға қызығушылық танытқандарыңызға алғысым шексіз, сәттілік тілеймін, – деді қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің басшысы Эльмира Тұңғышбайқызы.

Төрт кезеңнен тұратын сайысқа 18 бен 50 жас аралығындағы азаматтар қатысып, түрлі тақырыптағы арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берді. Ой ұшқырлығын таразылаған жобада қатысушылар 10 топқа бөлініп, өз білімдерін ортаға салды.

Сайыс қорытындысымен алғашқы орынды «Достар» тобы иеленіп, II орын «Жігер», III орын «Білімділер» тобына бұйырды. Бұл сайыстан ешбір жан марапатсыз қайтпады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сонымен қатар барша қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды.

Жүзден жүйріктер анықталған сайыста I орынды иеленген «Достар» тобының мүшесі, түркістандық Сүйеніш Еркінов – 100-ден аса кітап оқыған, білікті жан. Шаһардағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының үздік оқырманы.

– Арнайы мектепте білім алдым. Жасөспірім шақтан өлең-жырға жаным құмартып, кітап оқығанды жақсы көрдім. Сол білім арқылы бүгінгі сайыста командамды алға тартуға тырыстым. Түйген-білгендерімнің жеңіске жетуге көп көмегі тиді. Осындай жоғары деңгейдегі жобаны біз үшін ұйымдастырып, үлкен мүмкіндік сыйлағандарыңызға алғысымды айтамын деді, – жоба жеңімпазы Сүйеніш Ержанұлы.

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...