Студенттердің жатақханасы – білім берумен қатар жүретін басты қажеттіліктің бірі. Бүгінгі таңда елімізде арнаулы, жоғары оқу орнында білім алушылардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу ісінде көптеген игі іс атқарылып келеді. Бірінші кезекте Президенттің Үкіметке берген тапсырмасынан соң жатақхана тапшылығы деген проблема біртіндеп шешіле бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек» деген еді.
Міне, Президенттің осынау тапсырмасын орындау мақсатында «SUNRISE CY» ЖШС Шымкенттің орталығынан мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 550 орындық жатақхана салып берді. Енді оны М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттері пайдаланады. Жуырда жаңадан бой көтерген жатақхананың ашылу рәсімі өтті.
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаевтың айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі, университет пен «SUNRISE CY» серіктестігі арасындағы үшжақты келісім нәтижесінде, осы жатақхана бой көтерген.
«Зерттеуші мәртебесін алған М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың жеке иелігінде бұрыннан келе жатқан өзінің 4 жатақханасы бар. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында тағы 4 жатақхананы салып берген компаниялармен келісімшартқа тұрдық. Соның бірі – бүгін салтанатты ашылуы болған «SUNRISE CY» серіктестігінің студенттер үйі. Айта кету керек, оқу орнының 1 600 студенті жатақханамен қамтамасыз етілген. Жалпы орын саны 2 200 болатын 4 жатақханаға қалған студенттерді орналастыруға толық жағдайымыз жетеді. Ал мынау жаңа ғимаратқа 100 пайыздай студенттер толды. Сондықтан университетте жатақхана мәселесі толығымен шешілген деп айтуға болады. Студенттер тұратын бұл ғимараттың ерекшелігі, мұнда әр бөлмеде жуынатын орын қарастырылған. Барлық бөлмеде бір-бір кондиционерден қойылған. Wi-Fi желісі істеп тұр. Өзінің жеке кітапханасы бар. Қорыта айтқанда, барлық жағдай жасалған. Студентке тек бос уақытын тиімді өткізіп, білім алу ғана қалды», деді проректор.
Расында, студенттер, магистранттар және докторанттарға арналған жаңа жатақхана қонақүй үлгісінде салынған екен. Университет өкілі айтып өткендей, әр бөлмесі тұрмыстық техникалармен, жиһаздармен жабдықталған. Оқу залымен бірге демалыс аймағында шағын кинотеатр да қарастырылыпты. Ең бастысы, жатақхана университетке жақын маңда орналасқан. Ол студенттердің сабақтан соң уақытын жолға шығындамауы үшін де маңызды.
Салтанатты жиында полиция генерал-майоры Жеңісбай Сұлтанов пен Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев сөз сөйлеп, құттықтау лебіздерін арнады.
«Бүгінгі ұрпақ бақытты. Өйткені қазір студенттер осындай қонақүйге бергісіз жатақханада тұрып жатыр. Біздің кезімізде ол арман еді. Сондықтан мемлекеттің сенімін ақтап, адал азамат болып келешекте елге еңбектеріңді сіңіреді деген сенімдеміз. Көріп отырмыз, студенттерге барлық жағдай қарастырылыпты. Енді тек қалғаны оқу болып тұр. Елдің болашағы сендерсіңдер, сол үшін жақсы оқып, өз мамандықтарыңның мықты иесі болуға шын жүректен тілектеспін. Осы орайда ғимаратты салып, студенттерге тарту еткен компанияға алғыс білдіремін. Әрине, жатақхана емес, басқа бір нысан салып пайда табуға да болады. Бірақ кәсіпкер Батырбек Көшербай бастаған компания тек табысты ойламай, жас ұрпақтың қамы үшін осындай жатақхана салуымен қалталы азаматтарға үлгілі іс жасады. Тоқсаныншы жылдары қиындық кезеңі болды. Бір қоғамнан екінші қоғамға өту ел үшін оңайға соқпады. Небір соқпақтармен жүруге тура келді. Алайда аға ұрпақ еңбегінің арқасында соның бәрін еңсеріп шықты. Ендігі міндет сол жолды жалғастырып, елдің көркеюіне аямай тер төгу мына жастардың мойнына артылғалы тұр. Сол жауапкершілікті зор сеніммен арқалап өтесіздер деген үміттемін», деді абыз ақсақал, полиция генерал-майоры Ж.Сұлтанов.
Ал Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы К.Төлебаев өз сөзінде жатақхана мәселесін Президент тапсырмасына сәйкес осылай мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында түбегейлі шешіп тастауға болатынын мәлімдеді.
«Бұрын студенттердің жатақханада жатуы сирек еді. Көпшілігі курстастармен бірігіп пәтер жалдап тұратын немесе тума-туысты жағалайтын. Бұл жағдай бертінге шейін орын алып келді. Енді қазір ахуал кішкене өзгере бастады. Жатақханалар бой көтеріп студенттер қымбат пәтер жалдау ауыртапылығынан құтыла бастады. Сол үшін де бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік қамсыздандыру, білім саласындағы оңды реформалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанына өте ризамыз. Сөзімді студенттерге осы қамқорлықты бағалап, ел үмітін ақтай біліңдер деген тілекпен аяқтағым келеді», деді мегаполис ардагерлерінің жетекшісі К.Төлебаев.
Сондай-ақ ғимараттың ашылу рәсімінде сөз алған «SUNRISE CY» ЖШС директоры Бексұлтан Үсіпәлі мен құрылыс жобасының жетекшісі Бексұлтан Батырбек студенттердің жанарындағы шаттықты көріп қуанғанын, алдағы уақытта да әлеуметтік маңызды нысандарды салу бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында жұмыстарын күшейте беретіндерін жеткізді.
Сонымен, жоғарыда айтып өткеніміздей, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жаңа жатақханасы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген төртінші жатақхана. Айта кету керек, республиканың үшінші мегаполисі еліміздегі жастар саны ең көп өңірлердің қатарына кіреді. Сондай-ақ шаһарда білім сапасы бойынша жоғары рейтингтің тізімінде тұрған іргелі университтер баршылық. Ол жерде бүгінде мыңдаған студент білім алып жатыр. Сондықтан жатақхана мәселесі қоғамның әлеуметтік саласында бірінші кезекке көтерілуі – заңды құбылыс. Дейтұрғанмен елімізде қолға алынған мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі бұл мәселені бүгінде оңтайлы шешіп жатқанын көріп отырмыз.
Дереккөз: «Egemen Qazaqstan» газеті