Шымкент: Жаңа оқу жылында өзгеріс көп

Білім күні қарсаңында Шымкентте жекеменшік «Auzhan KTL» көптілді лицейі ашылды. Білім ордасында неміс, француз, қытай, түрік, араб тілдері тереңдетіліп оқытылады. Лицей балаларды IELTS, SAT емтихандары мен ҰБТ-ға дайындайды. Оқушы күні бойы лицейден шықпай оқиды. Сабақтан бөлек отыз түрлі үйірмеге қатысады.

Мамандар балаларды «world class» үлгісіндегі бассейнде жүзуге, тіпті суға батып бара жат­қан адамды құтқаруға дейін үйретеді. Сон­дай-ақ «workout» алаңында оқушылар бел­те­мір­де жаттығудың қыр-сырын меңге­реді, фитнеспен айналысады. Білім ұясын­да 3 мезгіл ыстық тамақ қарастырыл­ған. Лицей жанындағы интернатта оқушы­лар үй жұмысын орындап, ғылыми жоба­лар әзірлейді. Жаңа лицей бес қабаттан тұра­ды. Тұрғын алаңы 10 мың шаршы метр. ­60 оқу кабинеті бар. Жазушы Дулат Иса­бе­ков атындағы әдеби орталық жұмыс істейді. ­Ол бай кітапхана қорымен қамтылған. Бала­лар дыбыс жазу студиясында, хореография ­залында шығармашылық өнерлерін шыңдай алады. Лицей жекеменшік бол­ған соң оқуы ақылы.

Жалпы, Шымкентте 258 мемлекеттік, 724 жекеменшік білім беру ұйымы тіркелген. Алғашқысында 260 мыңнан астам бала оқыса, жекеменшікте 150 мыңнан көп оқушы білім алады. Ал балабақшадағы орын тапшылығын жою үшін былтыр мектепке дейінгі білім беретін 30 ұйым ашылып, үш мыңға жуық балдырған балабақшамен қам­тыл­ды. Биыл бұл көрсет­кіш одан жоғарылап, үш мыңнан аса бала мемлекеттік тапсырыс есебінен балабақш­аға қабылданады деген ­жоспар бар. Қалада 611 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. 1 жылға балаға 54 мың теңгеге жуық қаржы бөлінеді екен. Сонда 71 193 балаға жергілікті бюджеттен 43,6 млрд теңге қар­жы қаралып отыр. Соңғы дерек бойын­ша шаһарда кезекте тұрған 86 387 1-6 жас аралығындағы баланың 76 216-сы, ал 2-6 жас аралығындағы кезегін күткен 83 590 балдырғанның 74 661-і балабақшамен қамтылған. Биыл қыркүйекте мегаполис­те 14, желтоқсанда 5 балабақша ашылады. Нәтижесінде, жыл соңына дейін 2100 бала мектепке дейінгі білім беру ұйымына қабылданады.

Жаңа оқу жылында 27 мыңға жуық бала қаладағы мектептерге бірінші сыныпқа барды. Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушылардың 70 пайызы мемлекеттік, қалған 30 пайызы жекеменшік білім ұяларын таңдаған. Шаһарда жыл соңына дейін 12 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. 9 жайлы мектепке басқа білім ұяларынан 9300 оқушыны ауыстырып, нәтижесінде 13 мектеп алдағы уақытта 1 ауысымға кө­шіріледі. Жайлы мектептің 12-сі де әділет органында тіркеліп, кадр резервінде тұрған 9 кандидат мектеп директоры лауазымына тағайындалып қойды. Қаладағы мемлекеттік 159 мектепте 18 мыңға жуық ұстаз сабақ береді. Олардың 80 пайыздайы біліктілік санаты бар педагогтер. Оның ішінде ең жоғары санат педагог-шеберлер саны – 203.

Бұрын мұғалімдер жұмысқа дирек­тордың алдынан өтіп барып қабылдана­тын. Қазір ол жүйе жойылған. Сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу мақсатында қыз­метке тұру ісі толықтай цифрлық жү­йеге көшкен. Оқу-ағарту министрлігінің бұй­рығына сәйкес педагог қызметі бойынша бос лауазымды орынға жұмысқа орналасу үшін бірінші кезекте арнайы ақпараттық портал арқылы конкурстан өтеді. Осы байқауда біліктілігі бойынша ең көп балл жинаған үміткер жеңімпаз атанады. 2023-2024 жылғы оқу жылында шаһардағы білім беру ұйымдарындағы 747 бос орынға конкурс жарияланып, 2119 адам қатысқан еді. Нәтижесінде, 475 педагог іріктеліп, жұмысқа қабылданды.

Қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиеваның айтуынша, мегаполисте былтырға дейін 38 колледж болса, биылғы жаңа оқу жылында олардың қатарына Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы Ж.Аймауытов пен Сайрам көмекші мектеп-интернат колледждері қосылып, кәсіптік, техникалық білім беру ұйымдарының саны 40-қа жетті. Онда қазір 47 мың студент оқып жатыр. Олардың тең жартысы тегін білім алса, қалғаны ақылы негізде оқиды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл студенттердің шәкіртақысы екі есеге ұлғайды. Шымкентте оқитын колледж студенттері негізінен қаланың өзінде немесе оған іргелес аймақ­тарда тұратын болғандықтан жатақхана бойынша ешқандай мәселе жоқ. Дегенмен арнау­лы білім беру ұйымдары студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етуге көңіл бөліп отыр. Мәселен, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі 220 орындық жатақхананы күрделі жөндеуден өткізіп былтыр пайдалануға берді. Энергетика және байланыс колледжі үнемделген қаржы есебінен осы жазда 150 орындық жатақханаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Шымкент аграрлық-техникалық колледжі шалғай жерден келетін студенттерге арнап 96 орындық жатақхана жайын қарастырды. Жатақханамен бірінші кезекте әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан, мүгедектігі бар, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамтамасыз етіледі», деді Н.Шәмшиева.

Сондай-ақ Н.Шәмшиеваның мәлімде­уінше, мегаполисте білім мен тәрбиені күшейту бағытында бірнеше жоба қолға алынып келеді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарда дербестендірілген ваучерлік қызмет жобасы. Бұл қанатқақты бастаманың мақсаты – мемлекет тапсырыс берген бала саны мен балабақшада тәрбиеленіп жатқан балдырғандардың нақты есебінің арасында жалған ақпардың болмауын қадағалау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау, сөйтіп сол арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Жоба операторы «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы екен. Ваучерлік қар­жыландыруда ата-аналарға қолдауға лайықты балабақшаларды таңдау құқығы беріледі, сонымен бірге, жоба «ақша баламен бірге ереді» қағидасы негізінде жасалған. Яғни егер бала балабақшаға ауысатын болса, оған бөлінетін қаражат тек ата-анасы қа­ты­су парағын рас­таған соң ғана ауда­ры­лады. Жоба ая­сын­да баланың бір ба­лабақшадан екін­шісіне ауысу ісі же­ңілдетілген. Егер бала басқа жаққа кө­шіп кететін болса, онда мемлекет­тік тапсырыстың күші жойылады. Бүгін­гі таңда «Қаржы орталығы» ұйымы мен қалалық білім басқармасы арасында осы бастаманы іске асыру бойынша бірнеше келісім түзілген.

Тағы бір бастама «Мобильді мұғалім» жо­басы деп аталады. Ол ұстаздардың кәсіби дамуына қолдау білдіруді көздейді. Бұл бойынша тәжірибелі мұғалімдердің сабақтары­ның қоры жасақталып жатыр. Үздік сабақ­тар­ға әдіскерлер тарапынан міндетті түрде ­талдау жасалады. Бүгінде үздік 136 педагог­тің сабақтары Әдістемелік орталықтың YouTube арнасында жинақталған.

Оқушылардың білім сапасын арттыруды, командалық жұмыс арқылы ұстаз­дың берген сабағын терең ұғындыруды көздейтін Сапалы білім жобасы да жүзе­ге асырылып келеді. Соның аясында оқу­шыларға білім беретін мұғалімдерге жан-жақты әдістемелік көмек көрсетіледі. Тіпті бұл үшін басқа мектептің де білікті ұстазының тәжірибесі алынуы мүмкін. Ал Тәлімгерлік мектептер жобасында жаңадан тағайындалған директорларға тәлімгер ретінде сол білім ұя­сының көшбасшылары көмекке келеді. Тәлімгерлер жалпы мек­тептің оқу-әдіс­темелік ісінің оң бағыт алуына көп жәрдемін тигізеді. Дейтұрғанмен, мегаполистің білім саласында да өзіндік проблемалары баршылық. Солар туралы және оның шешілу жолдары жайында қа­ланың бас педагогі өзінің сөзінде атап өтті.

«Балаларды балабақшаға қабыл­дау­да шамалы олқылықтар шықты. Табель толтыру барысында балдырғандарды тіркеу қиынға соқты. Енді басталған бір­ыңғай кезектілік жобасы әлі жетіле қой­мағандықтан базадағы мәліметтерді INDIGO ақпараттық жүйесіне көшірдік. Шаһарда 26 мектеп, 14 балабақшаның тозығы жетіп тұр. Сапалы білім мен тәр­биені қамтамасыз ету үшін тиісті мате­риалдық база, жайлы оқу ғимараты қажет. 12 мектеп, 2 балабақша, 2 кол­ледж­дің ғимаратын жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжатын әзірледік. Енді олардың жөндеу жұмыстарына 10,3 млрд теңге қаржы керек. Жекеменшік білім беру ұйымдарында әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына берілетін бірреттік көмек өзекті мәселеге айналып отыр. Үкімет қаулысында тек мемлекеттік білім беру ұйымдарына қаржылай көмек беру қарастырылған. Сондықтан биыл жекеменшік білім мекемелерінде оқитын 21 мыңнан астам әлеуметтік тұрмысы төмен балалар қаржылай көмексіз қалуы мүмкін. Тіпті бұл мәселеге ата-аналар қазірден бастап наразылық тудырып жатыр» деді Н.Шәмшиева.

Білім, тәрбиемен бірге балалардың жол қауіпсіздігі мәселесі де жаңа оқу жылы бастала салысымен күн тәртібінен түспейтіні белгілі. Осы орайда білім басқармасы «Білім беру ұйымдарына іргелес жатқан жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жос­парын» бекітті. Сондай-ақ қала әкімінің тапсырмасы аясында шаһардағы жол қауіпсіздігіне сараптама жұмыстарын жүргізіп, 85 білім беру ұйымының аумағында қауіпсіздік ережесі талабына сай жол инфрақұрылымын дамыту қажет екенін анықтаған. Соған сәйкес осы күнде қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жол белгілері мен таңбаларды жаңарту бойынша жұмыстар басталып, жаңа оқу жылы қарсаңында ол өз мәресіне жетті.

Дереккөз: «Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Шымкентте шала туған нәрестеге күрделі екі ота жасалды

Шымкент қалалық перинаталды орталығының дәрігерлері шала туған нәрестеге бір уақытта күрделі екі ота жасады. Шақалақ 31 апталық мерзімде 2350 грамм ...

Программа «Таза Қазақстан»: в Шымкенте все больше горожан, заботящихся об экологии

Пока общество не борется с экологическими проблемами, которые беспокоят мир, результаты невелики. Поэтому суть экологических мероприятий в рамках программы «Таза ...