Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ ауылдық округіндегі «Қамқорлық» орталығында этнос және қоғамдық ұйымдармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев, аудандық өзбек-этно мәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова, «Әжелер алқасының» төрайымы Райхан Полатова, этнос және зиялы қауым өкілдері қатысты.
— «Бірлік — береке бастауы» демекші, елдің бірлігін ұйыстыруда сіздердің көмектеріңіз қажет. Ауызбіршілігіміз мықты болса, берекеміз молаяды. Өздеріңізге қарасты ауылдарда елді ынтымақ, бірлікке шақыруда, жастар тәрбиесіне қатысты мәселелерді алға тартып, насихат жұмыстарын жүргізуге ықпал етсеңіздер. Алдымызда көптеген жоспарлы жұмыстар күтіп тұр. Ауданның экономикасын көркейтіп, халықтың әл-ауқатын көтеру кезек күттірмейтін мәселе», — деді Мақсат Асылбекұлы.
Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Жиында ақсақалдар өздерінің ұсыныс пікірлері мен мәселелерін ортаға салды. Кездесуде түрлі бағытта жастар тәрбиесі, той мәдениеті, елді ынтымаққа шақыруда ауызбіршіліктің болуы тағыда басқа көптеген мәселелер айтылды.