Түркістанның өз қолтаңбасына айналған мәдени іс-шаралар қатары артып келеді. Соның бірі республикалық «Түркістан дауысы-2024» жас орындаушылар байқауы. Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған ән додасы бүгін облыс орталығында бастау алды.
Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов сөз алып, іс-шараның маңызы мен мақсатына тоқталды. Қатысушыларға сәттілік тілей отырып, жақында өткен «Түркістаным – тұраным» композиторлар байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Жалпы ән додасында еліміздің барлық өңірінен 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар, басқа республикалық, ұлттық ән байқауларында жетістікке жеткен 18 үміткер бақ сынап жатыр. Олар байқау шартына сәйкес еліміздің танымал композиторларының әнін авторлық аранжировкада, ал екінші кезеңде өзі таңдаған шығарманы вокалды аспаптық ансамбльдің сүймелдеуімен орындайды.
Байқауға Маржан Арапбаева, Бағлан Омаров, Қайрат Баекенов, Мархаба Саби, Қайрат Мырзахан және Bytanat, Мейіржан Алиакбаров әділ қазылық жасайды. Жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, әннің байқау шартына сәйкестігіне, музыкалық өңдеуіне, ән мәтіні мен әуенінің мазмұндылығына, орындаушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне, музыкалық сүйемелдеудің жазылу сапасына баса назар аударады.
Сайыстың мақсаты – шығармашыл, дарынды жастарды анықтау, олардың өнеріне қолдау көрсету, рухани және мәдени құндылықтаралмасу, қазақ музыкасын насихаттау.
Айта кетейік, Түркі әлемінің туристік астанасына айналған киелі өңірдің рухани-туристік әлеуетін одан әрі танытатын бұл байқау ертең де жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 18:00-де екінші кезеңін тамашалай алады.