Ежелден халқымызда қуанышты хабарды «сүйіншілеп» жеткізетін дәстүр бар. Біз де, тоқсан төрт жылдық тарихы бар, киелі шаһардың сонау «Қызыл Түркістаннан» «Түркістанға» дейінгі қатпар-қатпар сырларын ішіне бүгіп жатқан шежіресі – «Түркістан» газетінің ұжымы сүйікті оқырмандарымызға «сүйіншілеп», ернеуінен асып-төгілген қуанышымызды бөліскелі отырмыз! Рухани астананың, түркі әлемінің тұмарының бірден-бір ресми және бас басылымы болса да, осы уақытқа дейін тұрақты баспанасы болмай, төрт қақпалы Түркістанның төрт бұрышына көшіп-қонып, «өгей баланың» күйін кешіп жүрген газет редакциясы жеке меншік ғимаратқа қоныстанды.
«Үй болмаса, күй болмайтындығын» басынан кешкен әрбір адам жалдамалы пәтерде жүрудің қиындығын білсе керек. Сондықтан да, С.Қожанов көшесіне орналасқан бұрынғы «Коммунистік еңбек» газетінің құттыхана мекенінен айырылып қалған күннен бастап, редакцияның көшіп-қонбаған бұрышы қалмады. Әрдайым ауыс-түйіс болып жататын, бірі келіп, бірі кетіп жатқан қала басшылығының уәдесіне жаутаңдап, баспаналы болар күнді армандап қаншама газет редакторлары өмірден өтті. Ақпарат кеңістігіндегі зымыраған үдерістер мен өзгерістер медиа саласының бағытын да айқындап отыр. Газет-журналдарды шетке ығыстырып, цифрлық нұсқа белең алуда. Газет оқитын оқырман қатары шектеулі десек те, қолыңа алып, көзбен көріп оқыған газеттің жөні бір басқа. Таяуда «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері С.Қожановтың 130 жылдығына арналған көрмеге облыстық архивтен ұсынылған асыл азаматты тергеу кезіндегі сарғайып кеткен құжаттарды көріп тебірендік, қаншама мағлұмат алдық. Одан әріге бармай-ақ, жаңа заманның, тәуелсіз елдің бүгінгі тыныс-тіршілігін, түлеген Түркістанның жылнамасын көзсіз ерлікке пара-пар еңбекпен шығарып, қаттап жатқан мұрағатын бүгінгі ұрпақ қадірлемесе де, ертеңгі ұрпақтың «май шаммен» іздеп жүріп оқитынына сенімдімін. «Біздерді де іздейтін жан болса егер, Шаң басқан архивтерден табылармыз», – деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, сарғайған газеттер талай-талай сырлардың бетін ашып, дәйекті деректерді жайып салары хақ! Өйткені бұл қатардағы жәй басылым емес, Жақан Сыздықовтай алаш ардақтысы, көрікті Көкшенің арқалы ақыны Төлеген Қажыбаевтың ағасы, сол кездегі «Крайкомның» тапсырмасымен келіп, осында алғаш редактор болған Жақан Сыздықовтай, Арыс өңірінің тумасы, комсомолдық нұсқаумен келіп, газетті басқарған Әлібек Есқараевтай, сондай-ақ Әбдірашит Бердәулетовтей, Абдужаппар Абдусаттаровтай, газетті ең ұзақ басқарған Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Тұрабай Мырзахметовтей небір ұлы тұлғалардың, қала берді өзіміз көзбен көріп, тағылымын алған Балтабай Нұржановтай, Сырым Дағмырзадай, Асан Оспановтай редакторлардың, елінің жырын жырлап, жоғын жоқтап өткен арда азаматтардың табанының бүрі, қаламының ізі қалған қасиетті басылым! Газет тігінділерінде Түркістанның бір ғасырлық тарихы жатқан тарихи басылым! Сондықтан да, жеке басым журналист-ұстаз Бекжігіт Сердәлінің газеттің тоқсан жылдық мерейтойында айтқанындай «біздің ұрпақтың балалық шағының газеті «Коммунистік еңбектің» жалғасы «Түркістанды» ешбір басылымға теңгермеймін! Егерде газет мәңгілік болмаса, сонау 1930 жылдары жазылған:
«Түркістан – тарихы мол жыр қаласы,
Түркістан – мақтасы мол гүл қаласы.
Ащысай, Бөген, Торлан, Таскөмірлі,
Түркістан – ұлы еңбектің шын қаласы.
Бір кезде Түркістанды «Яссы» депті,
Яссыға әлденеше жылдар өтті.
Мақта деп, совхоз қаулап, завод гүрлеп,
Түркістан – қыздырады келешекті», – деп жазған Жақан Сыздықовтың жүректен шығып жүректерге жетіп жатқан өлеңі жетер ме еді?!
Мінекей, тарихи басылымның басына осындай қаламынан от ұшқындаған аға ұрпақтың көшіне ілескен, ізін жалғастырған, журналистиканы өмірінің мәніне айналдырған, қаламы да қарымды, ойы да ұшқыр, жаңа заманның лебін жетік білетін, мемлекеттік басқару жүйесінде де қызмет атқарып, қыр-сырын меңгерген Мәлік Дәулетовтей азаматтың келуі екі бақыт дер едім. Өйткені, ақпарат кеңістігінен бейхабар, оны «бизнес көзіне» айналдырғысы келетін жандардың қолына түсіп, жұмысын тоқтатқан қаншама басылымның ащы тағдырын көріп жүрміз. Бір ғана мысал. Көкшетауда небір қаламгерлердің ұстаханасына айналған, бұрынғы Одақ кезінде республика бойынша дүркіреген, әруағыңнан айналайын, Жанайдар аға Мусин басқарған, еңбек жолымды осында бастап, шыңдалған «Көкшетау правдасы» атты облыстық газет әлдебір кездейсоқ адамның қолына түсіп, бүгінде жұрнағы ғана қалды. Гәкку Сәтпаева деген дарынды сіңліміз бір өзі ме, әлде көмекшісі бар ма, шырақшы болып отыр. Тағдыр тәлкегіне түсіп, құрдымға кеткен мұндай басылымдар қаншама? Ішіміз ашиды. Қолдан келер қайран жоқ. Ол туралы аузыңды аша бастасаң: «Газеттің заманы өтті ғой апай! Қазір цифрлы әлем!» – деп, «ақыл-ойы кем мүгедек» көргендей, өзіңді мүсіркей жөнеледі. Сондай сәттерде «Шіркін, менің жүрегімдегі газет деп соққан қимас сезімді сезер ме едің!» – деп мұңайып қаламын. Бірақ, кітап, газет-журналдың оқылуы азайып, рухани құндылығымыз кейінге ысырылған қоғамда қаржылық қиындық пен таралым тапшылығына қарамай жанкештілікпен газет шығарып, қаншама қиын болса да қанша жанға жұмыс беріп отырған Мәлік Жұмаханұлын көргенде, көзі ашық, көкірегі ояу, туған тілінің болашағын ойлайтын азаматтың барына қуанамын. Шүкіршілік етемін. Бүгінгі ұстанған бағытын ерлікке теңеп, бақыт пен баққа балауым да сондықтан.
«Алла тағала тіл-көзден сақтасын», – деп бастайын, төрт қақпалы Түркістаннан ұлтарақтай жер бұйырмаған қара шаңырақ «Түркістан» газеті шаһарға кіре беріс жерде «Жаңа қалаға» жақын тұстан ғимарат сатып алып, өткен аптада осы құттыханамызға көштік, ағайын! Небір жақсы мен жайсаң, тума талант қаламгерлердің қаламына қуат берген, әруақ қонған қасиетті басылымның түтінін түтетіп, шамын жағу үшін тірнектеп тапқан табыстды «Түркістан» газетінің болашағына салған бүгінгі редакция ұжымы қандай мақтауға да тұрарлық?! Өйткені, бүгінгі күні Жақан Сыздықовтай алаш ардақтысы бастауында тұрған, небір тау тұлғалар бір баспанаға қол жеткізе алмай, «жүректері қарс айрылған» ардақтылардың армандарына қол жеткіздік. Осылай бір ғасырлық тарихы бар газетті алғаш баспаналы еткен Мәлік ініміз бастаған ұжым болып бүгінгі күн тарихына еніп отыр. Сондықтан да қара шаңырақ құттыханамыз құтты болады деп ойлаймын. Соншалықты сәулетті болмаса да, жан-жақтан ақпарат ағыны ағылып келіп жатқан орталық – өз ғимаратымыз! Өз үйіміз – өлең төсегіміз! Бағанадан бері сіздермен бөліскелі отырғаным осы жаңалық еді, ағайын! Сүйіншілеу бізден, ақжарма ақ тілек сізден болсын, қадірлі оқырман!
Дереккөз: Yassy-tur.kz